Азия Олимпиадалық кеңесінің (АОК) делегациясы Алматыға инспекциялық сапармен келіп, қаланың 2029 жылғы X Қысқы Азия ойындарын өткізуге дайындығымен танысты. Бұл туралы SteppeNews.kz Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Делегация құрамына Азия Олимпиадалық кеңесінің спорт, медиа, ақпараттық технологиялар және даму бағдарламаларына жауапты басшылары мен мамандары кірді.
Сапар барысында Алматының Қысқы Азия ойындарына дайындық барысына арналған жұмыс кездесуі өтті. Одан кейін делегация жарыстар өтетін негізгі спорт нысандары мен қонақ үй инфрақұрылымын аралады.

АОК өкілдері Halyk Arena, Almaty Arena, «Медеу» биік таулы спорт кешені, «Шымбұлақ» тау курорты, «Сұңқар» халықаралық шаңғы трамплиндері кешені, Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайы және жарысқа қатысушылар мен ресми делегация мүшелері орналастырылатын бірқатар қонақ үйдің дайындығын бағалады.
Инспекциялық сапар 2029 жылғы X Қысқы Азия ойындарына дайындықтың кезекті кезеңі болды. Жұмыс кездесулері мен нысандарды аралау қорытындысы бойынша тараптар алдағы ынтымақтастық бағыттарын және Азиядағы ең ірі қысқы спорт додасын ұйымдастыруға қатысты негізгі мәселелерді талқылады.
