Жетісу облысына жұмыс сапары барысында Туризм және спорт вице-министрі Мирас Төлебаев облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаевпен бірге Алакөл жағалауындағы туристік нысандарды аралады. Сапар кезінде өңірдің туризм басқармасы инфрақұрылымды дамыту, демалыс аймақтарын абаттандыру және қауіпсіздікті күшейту бағытында атқарылған жұмыстарды таныстырды деп хабарлайды SteppeNews.kz, ҚР Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап.
Алакөл – Қазақстандағы ең танымал туристік бағыттардың бірі. 2025 жылдың қорытындысы бойынша мұнда келген ішкі туристер саны 382 мың адамға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 11 пайызға артқан. Ал шетелдік қонақтар саны 60 пайызға өсіп, 8,2 мың адамды құрады. Қазіргі уақытта жағалау бойында бір мезетте 21 мыңнан астам демалушыны қабылдай алатын 224 орналастыру орны жұмыс істеп тұр.
Сапар барысында электрмен жабдықтау нысандарының құрылысы аяқталғаны, Ақши ауылында кәріз желілерінің тартылып жатқаны, сондай-ақ тазарту құрылыстарының, коммуналдық жағажайлардың және Лепсі теміржол станциясындағы жаңа вокзалдың құрылысы жалғасып жатқаны айтылды.
Жағалаудағы қауіпсіздік пен санитарлық жағдайды жақсартуға да ерекше көңіл бөлінген. Демалыс аймағында қоқыс контейнерлері, санитарлық тораптар және киім ауыстыру кабиналары орнатылған. Туристердің қауіпсіздігі үшін 40 құтқару мұнарасы, жалпы ұзындығы 13 шақырым болатын қалқыма белгілер желісі және 7 пирс жұмыс істейді. Қоғамдық тәртіпті күн сайын полиция қызметкерлері қадағаласа, суда құтқарушылар тәулік бойы кезекшілік атқарады. Туристік маусым басталғалы бері 150-ден астам профилактикалық рейд ұйымдастырылған.
Вице-министр Мирас Төлебаев Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес еліміздің туристік бағыттарына шетелдік және ішкі туристерді тарту жұмыстары жалғасып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, биыл Туризмді дамытудың тұжырымдамасы жаңартылып, өңірлерде туризмді дамытуға арналған Жол картасы белсенді іске асырылуда. Ал жергілікті атқарушы органдар инфрақұрылымды жетілдіруге, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және аумақтың тазалығын сақтауға жауапты.
Айта кетейік, бұған дейін Үкімет Алакөл жағалауын шайылудан қорғау мақсатында қорғаныс бөгетін салу туралы шешім қабылдаған болатын.
