2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда міндетті зейнетақы жинақтарының инфляция деңгейін ескере отырып сақталуына берілетін мемлекеттік кепілдік** тоқтатылады.
Бұл нені білдіреді? Мемлекет міндетті зейнетақы жарналары мен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының номиналды мөлшерде сақталуына кепілдік беруді жалғастырады. Алайда олардың инфляцияға қатысты сатып алу қабілетін қосымша қорғау жойылады.
Осы уақытқа дейін бұл тетік былай жұмыс істеді: азамат зейнетке шыққанда, нақты аударылған міндетті жарналардың инфляцияға индекстелген сомасы оның жинақтарының көлемімен салыстырылатын. Егер жинақ көлемі төмен болса, айырмашылық республикалық бюджет есебінен өтелетін.
Бұл шешімнің негізінде не жатыр? Мемлекеттің қолданыстағы модельді қайта қарауына түсінікті себептер бар. Инфляциялық кепілдік бюджетке ұзақ мерзімді міндеттемелер жүктейді, ал олардың нақты көлемін алдын ала болжау мүмкін емес. Болашақ шығындар инфляция деңгейіне, зейнетақы активтерінің инвестициялық табыстылығына және өтемақы алуға құқығы бар азаматтардың санына байланысты болады.
Ашық ресми дереккөздерде соңғы жылдардағы мемлекеттік кепілдік бойынша төлемдерге қатысты жинақталған статистика жоқ. Расталған соңғы қолжетімді деректер Қаржы министрлігінің статистикалық бюллетенінде жарияланған 2016 жыл мен 2017 жылдың бірінші тоқсанына қатысты.
БЖЗҚ мәліметіне сәйкес, Қаржы министрлігінің статистикалық бюллетені негізінде 2016 жылы мемлекеттік кепілдік бойынша төлемдер көлемі 11,615 млрд теңгені, ал 2017 жылдың қаңтар–наурыз айларында 2,589 млрд теңгені құраған. 2016 жылғы төлемдер республикалық бюджет шығыстарының шамамен 0,14%-ына тең болған.
Бұл деректер мемлекеттік кепілдікті орындау республикалық бюджеттен нақты шығындарды талап еткенін көрсетеді. Алайда бұл жүктеменің ауқымын және оның мемлекеттік қаржының тұрақтылығына әсерін бағалау үшін соңғы жылдардағы төлемдердің толық жиынтық деректері, алушылар саны, орташа өтемақы көлемі және болашақ міндеттемелердің актуарлық болжамы қажет.
Сондай-ақ реформаның логикасы бюджет шығындарын шектеумен ғана емес, жауапкершілікті мемлекет, басқарушы және салымшы арасында қайта бөлумен де байланысты сияқты. 2021 жылдан бастап азаматтарға зейнетақы жинақтарының бір бөлігін инвестициялық портфельді басқарушыларға (ИПБ) беру мүмкіндігі ұсынылды. Ал 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап ИПБ таңдау бағалау мерзімі мен тәуекел деңгейі бойынша ерекшеленетін Ki композиттік индекстеріне негізделген жаңа инвестициялық портфельдер жүйесі арқылы жүзеге асырылады.
Алайда мұнда әртүрлі тәуекел түрлерін шатастырмау маңызды. ИПБ жауапкершілігі мемлекеттік инфляциялық кепілдіктің тікелей баламасы емес. Басқарушы өзінің нәтижесі тиісті композиттік индекс бойынша белгіленген ең төменгі деңгейден төмен болған жағдайда ғана теріс айырманы өтеуге міндетті. Бірақ нарық жалпы алғанда теріс табыстылық көрсетсе, ИПБ индекстен қалып қоймауы мүмкін, алайда салымшы нақты шығынға ұшырап, жинақтарының сатып алу қабілетінің бір бөлігін жоғалтады.
Реформаның мерзімі де маңызды мәселе. Инвестициялық портфельді басқарушыларды бағалаудың жаңа жүйесі тек 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс істей бастады.
Инвестициялық стратегиялардың нәтижелері 12, 36 және 60 айлық кезеңдер бойынша бағаланады. Бұл дегеніміз, мемлекеттік кепілдік күшін жоятын 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін жаңа жүйе небәрі бір жыл ғана жұмыс істейді. Осы уақытқа дейін Ki (36) және Ki (60) стратегияларының толық бағалау кезеңдері аяқталмайды.
Мұндай жағдайда бюджет қаражатын үнемдеу әзірге инфляциялық қорғауды толық алып тастауға жеткілікті негіз болып көрінбейді. Өткен кезеңдегі шығындардың аз болуы болашақта төлемдердің өсу мүмкіндігін жоққа шығармайды. Алайда мұндай тәуекелді растау үшін инфляцияның, инвестициялық табыстылықтың және демографиялық жүктеменің әртүрлі сценарийлері бойынша есептеулер қажет.
Қолданыстағы модельде адамның зейнет жасына жақындауына қарай инвестициялық тәуекелді автоматты түрде төмендету тетігі де жоқ. Салымшы өзі таңдаған стратегияның жасына сәйкестігін өз бетінше бақылап, қажет болған жағдайда басқа басқарушыны таңдауы немесе қаражатын қайтадан Ұлттық банктің басқаруына қайтаруы тиіс.
Алайда әрбір азаматтың ұзақ мерзімді зейнетақы тәуекелдерін басқаруға қажетті білімі, ақпараты және нақты мүмкіндігі бола бермейді. Сондықтан инвестициялық таңдауды кеңейту қаржылық сауаттылықты арттырумен, табыстылық, тәуекелдер мен комиссиялар туралы түсінікті ақпарат берумен, сондай-ақ салымшыларды қорғаудың институционалдық тетіктерімен қатар жүруі тиіс.
Менің ойымша, тек номиналды соманы кепілдендіру жеткіліксіз. Жиырма немесе отыз жылдан кейін дәл сол ақша айтарлықтай төмен экономикалық құндылыққа ие болуы мүмкін. Зейнетақы жүйесінде «сақталу» ұғымы тек шоттағы қаражаттың болуын емес, жинақтардың өзінің негізгі міндетін – адамға зейнетке шыққаннан кейін табыс қамтамасыз ету қабілетін білдіруі керек.
Сондықтан міндетті зейнетақы жарналарының нақты сатып алу қабілетін мемлекеттік қорғау сақталуы тиіс деп есептеймін. Бұл әсіресе жинақтары әдепкі бойынша Ұлттық банктің басқаруында қалып отырған азаматтар, зейнет жасына жақындаған адамдар, сондай-ақ заңнама өзгергенге дейін қалыптасқан зейнетақы жинақтары үшін маңызды.
Егер мемлекет реформаның таңдалған бағытын сақтайтын болса, онда оны іске асырмас бұрын:
* мемлекеттік кепілдік бойынша төлемдер, алушылар саны және орташа өтемақы көлемі туралы жинақталған деректерді жариялау;
* инфляцияның, инвестициялық табыстылықтың және демографиялық жүктеменің әртүрлі сценарийлері бойынша кепілдіктің құнына қатысты актуарлық болжам ұсыну;
* Ki (12) және Ki (36) толық бағалау кезеңдері аяқталғаннан кейін ИПБ жаңа жүйесіне тәуелсіз бағалау жүргізу;
* ИПБ-ға жүргізілетін қадағалау стресс-тестілерінің негізгі параметрлерін жариялап, басқарушының меншікті капиталы жеткіліксіз болған жағдайда теріс айырманы өтеу тәртібін түсіндіру;
* Ұлттық банк пен ИПБ көрсеткіштерін салыстыру жүйесін инфляция мен комиссияларды шегергеннен кейінгі нақты табыстылық, тәуекел деңгейі және ең жоғары төмендеу көрсеткіштерімен толықтыру;
* салымшының зейнет жасына жақындауына қарай инвестициялық тәуекелді автоматты түрде төмендету тетігін енгізу;
* 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін қалыптасқан жинақтарға жаңа ережелердің қолданылу тәртібін ресми түсіндіріп, қажет болған жағдайда заңнамалық деңгейде бекіту, сондай-ақ зейнет жасына жақындаған азаматтар үшін өтпелі қорғау шараларын қарастыру қажет.
Бұл шаралар жаңа модельдің ашықтығы мен тұрақтылығын арттыра алады, алайда олар инфляциядан мемлекеттік қорғаудың толыққанды баламасы бола алмайды. Зейнетақы активтерін басқарудың жаңа жүйесі алдымен өзінің тиімділігін іс жүзінде дәлелдеуі, ал салымшыларды қорғау тетіктері тек қолайлы нарықтық жағдайда ғана емес, экономикалық тұрақсыздық кезеңдерінде де тиімді жұмыс істей алатынын көрсетуі тиіс. Оған дейін инфляциялық кепілдікті алып тастау ерте шешім сияқты көрінеді.
** Тиісті өзгерістер Қазақстан Республикасының 2026 жылғы 11 маусымдағы №306-VIII Заңымен енгізілді.
Автор: Венера Жаналина, Qazaq Expert Club сарапшысы, қаржыгер
Венера Жаналинаның EconomIQ Telegram-арнасы – economiq_kz
