2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында Қытайдың бюджет кірістері өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,7%-ға өсіп, 12,1 трлн юаньға (шамамен 1,78 трлн АҚШ доллары) жетті. Бұл туралы SteppeNews.kz «Жэньминь Жибао» басылымы мен Қытай Халық Республикасының Қаржы министрлігінің мәліметтеріне сілтеме жасап хабарлайды.
Мәліметтерге сәйкес, бюджет кірістерінің өсу қарқыны үдей түскен. 2026 жылдың алғашқы бес айының қорытындысында бұл көрсеткіш 4% болса, жартыжылдық қорытындысы мемлекеттік қаржы жүйесінің тұрақты нығайып келе жатқанын көрсетеді.
Биылғы қаңтар–маусым аралығында Қытайдағы салық түсімдері де өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 5,3%-ға артып, 9,79 трлн юаньды құрады.
Ал мемлекеттік бюджеттің шығыстары алғашқы алты айда 1,5%-ға өсіп, 14,33 трлн юаньға жетті.
Үкімет жұмысы туралы баяндамаға сәйкес, 2026 жылы Қытай проактивті қаржы саясатын жалғастырып, бюджет тапшылығының мақсатты деңгейін жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) шамамен 4%-ы көлемінде сақтайды.
Сонымен қатар, жалпы мемлекеттік бюджет шығыстары алғаш рет 30 трлн юань деңгейінде жоспарланған. Бұл 2025 жылғы көрсеткіштен шамамен 1,27 трлн юаньға артық. Ел билігі мұндай бюджет саясаты экономикалық өсімді қолдап, тұрақты дамуды қамтамасыз етеді деп күтуде.
