Мемлекет басшысының ұлттық цифрлық инфрақұрылымды дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында Үкімет резервінен жаңа KazSat-3R ғарыштық байланыс жүйесін құру жобасына 10,4 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді, деп хабарлайды SteppeNews.kz Үкіметке сілтеме жасап.
Тиісті қаулыға Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов қол қойды.
Бөлінген қаражат қолданыстағы KazSat-3 байланыс аппаратын алмастыратын жаңа KazSat-3R спутниктік байланыс жүйесін жасауға бағытталады. Қазіргі KazSat-3 аппаратының жоспарланған пайдалану мерзімі 2029 жылы аяқталады. Жаңа спутник ұлттық байланыс жүйесінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жоба аясында спутниктік байланыс желілері мен телерадио хабар тарату жүйесінің тұрақты жұмысы қамтамасыз етіліп, шалғай және халық сирек қоныстанған елді мекендерде интернетке қолжетімділік кеңейтіледі. Сонымен қатар ақпараттық қауіпсіздік деңгейі артып, Қазақстанның технологиялық егемендігі нығая түседі.
Қазіргі таңда KazSat ғарыштық байланыс жүйесінің қызметін еліміздегі ірі байланыс операторлары мен мемлекеттік органдар пайдаланып отыр. Жүйе арқылы телерадио хабарларын тарату, деректерді жеткізу, мобильді байланыс және интернет қызметтері көрсетіледі. Бүгінде оған 19 байланыс операторы қосылған, ал телехабар тарату қызметін 2 миллионнан астам абонент пайдаланады.
Қазақстанда телекоммуникация инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда. Соңғы екі жылда жоғары жылдамдықты интернетке қолжетімді халықтың үлесі 99 пайызға жетті. Қазіргі уақытта 4,5 мыңнан астам ауылдық елді мекен жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылған.
Шалғай және қатынауы қиын аймақтарды байланыспен қамтамасыз ету үшін спутниктік технологиялар кеңінен қолданылуда. Бұл жерүсті инфрақұрылымын жүргізу қиын елді мекендердің де интернетке қосылуына мүмкіндік беріп отыр.
Сонымен қатар ауылдық жерлерде талшықты-оптикалық байланыс желілерін кеңейту, «Соңғы миль» жобасын іске асыру, 5G желісін дамыту, республикалық автожолдарды мобильді байланыспен қамту және заманауи спутниктік шешімдерді енгізу бағытындағы жұмыстар жалғасуда.
Цифрландыру саласында да айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілген. Бүгінде мемлекеттік қызметтердің 90 пайыздан астамы онлайн форматта ұсынылады. Сондай-ақ Қазақстанда суперкомпьютерлік қуаттар мен QazTech бірыңғай цифрлық платформасы іске қосылып, жасанды интеллект пен цифрлық экономиканы дамытуға негіз қаланып отыр.
Үкіметтің мәліметінше, KazSat-3R байланыс спутнигін жасау және Жерді қашықтан зондтау саласындағы жаңа жобаларды іске асыру Қазақстанның ғарыш саласының дамуын жеделдетіп, елдің технологиялық әлеуетін арттыруға ықпал етеді.
