Қытай климаттың өзгеруімен күрес жолындағы негізгі мақсаттарын межеленген мерзімнен бұрын орындады. Бұл туралы елдің Экология және қоршаған ортаны қорғау вице-министрі Ли Гао хабарлады, деп жазады SteppeNews.kz.
Былтырдан бері елдегі баламалы энергия өндірісі қарқын алып, қуаттылығы 2,46 млрд киловатқа жетті. Бұл – Қытайда өндірілетін жалпы электр энергиясының 60 пайызға жуығы. Соның арқасында күннен қуат алатын станциялардың әлеуеті тарихта алғаш рет көмірмен жұмыс істейтін нысандарды басып озды.
Сонымен бірге Қытай «жасыл» көлік өндірісі мен саудасы бойынша 11 жыл қатарынан әлемде көш бастап келеді.
Елде экологиялық заңнама да қайта қаралды. Бұрын-соңды болмаған жаңалық – Экология кодексіне климат өзгерісіне қатысты жеке бөлім енгізілді. Ауаға тарайтын көміртек көлемін есептеп, бақылау үшін жүзден астам ұлттық стандарт бекітілді, тағы 50-ден астамы дайындалып жатыр.
Бүгінде Қытайдың барлық аймағы табиғаттың тосын мінезіне дайын болудың жоспарын жасап қойған. Ал 39 қалада ауа райының аптап ыстығы мен қатал суығына шыдамды инфрақұрылым бой көтеріп жатыр.
Пекин бұл тәжірибесін өзге елдермен де бөлісуде. Маселен, Эфиопияға ауа райын бақылайтын шағын жерсерік сыйлап, жергілікті мамандарды үйретті. Бұған қоса, Африканың бес еліндегі үйлерді жарықпен қамтамасыз ету жобасын бастады. Бұл бастама алдағы бір-екі жылда 50 мың отбасының тұрмысын жеңілдетпек.
Келесі материал: Орталық Азия елдерінің паспорты әлемдік рейтингте қалай орналасты?
