Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі кәсіпкерлерге арналған екі жаңа цифрлық өнімнің прототипін таныстырды. Жаңа сервистер бизнес ашу процесін жеңілдетуге және мемлекеттік қолдау тетіктеріне қолжетімділікті арттыруға бағытталған деп хабарлайды SteppeNews.kz, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігіне сілтеме жасап.
Жобалардың таныстырылымы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының алаңында өтті. Кездесудің негізгі мақсаты-жүйелерді ресми іске қоспас бұрын кәсіпкерлердің қатысуымен сынақтан өткізіп, олардың ұсыныстары негізінде функционалын жетілдіру.
Алғашқы цифрлық өнім-кәсіпкердің Бірыңғай жеке кабинетіне енгізілген Міндетті талаптар тізілімі. Бұған дейін кәсіпкерлікке қойылатын талаптар әртүрлі нормативтік-құқықтық құжаттарда шашыраңқы орналасқан болатын. Жаңа жүйе оларды бір платформаға жинақтап, кәсіпкердің қызмет бағытына сәйкес міндетті талаптардың жеке тізімін автоматты түрде қалыптастырады.
Қызметті пайдалану үшін кәсіпкер өз қызмет саласын таңдап, бірнеше нақтылайтын сұраққа жауап береді. Осыдан кейін жүйе қажетті талаптарды және рұқсат құжаттарын рәсімдеуге арналған мемлекеттік қызметтерге тікелей сілтемелерді ұсынады.
Қазіргі таңда тізілімге экономиканың түрлі салаларын қамтитын 106 мыңға жуық міндетті талап енгізілген. Цифрлық сүзгілеу жүйесі кәсіпкерге тек оның қызметіне қатысты талаптарды ғана көрсетіп, артық ақпаратты алып тастайды.
Сонымен қатар сервис әрбір талапты орындауға кететін уақыт пен қаржылық шығынды есептеуге мүмкіндік береді. Бұл реттеуді жетілдіруге және бизнестің әкімшілік жүктемесін бағалауға көмектеседі.
Екінші цифрлық өнім-Мемлекеттік қолдау шараларының бірыңғай жүйесі. Онда субсидиялау, жеңілдетілген несие беру, кепілдік және гранттық бағдарламалар туралы ақпарат бір жерге топтастырылған. Кәсіпкерлер өздеріне қолайлы қолдау құралын таңдап, өтінімді бірыңғай цифрлық сервис арқылы бере алады.
Таныстырылым барысында бизнес қауымдастығы сервистерді жетілдіруге қатысты ұсыныстарын жеткізді. Атап айтқанда, заңнамадағы өзгерістер туралы автоматты хабарламалар енгізу және пайдаланушыларға қолайлы болу үшін жасанды интеллект технологияларын пайдалану ұсынылды.
Ұлттық экономика вице-министрі Бекболат Молдабековтің айтуынша, министрлік кәсіпкерлердің пікірін жүйелер толық іске қосылғанға дейін жинауды көздейді. Оның сөзінше, бизнес өкілдерінен түскен барлық ұсыныс жан-жақты сараланып, сервистерді өндірістік пайдалануға беру алдында ескеріледі.
