Қазақстанда балаларға арналған ұлттық контентті дамыту жұмыстары жалғасуда. Осы бағытта 96 жылдық тарихы бар республикалық «Ұлан» газеті ulandigital.kz цифрлық платформасын іске қосты деп хабарлайды SteppeNews.kz, Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.
Жаңа платформа оқушыларға тек материал оқуға ғана емес, өз шығармаларын жариялауға да мүмкіндік береді. Сайттағы «Хат жазамын» бөлімі арқылы жас авторлар мақалаларын, өлеңдерін және басқа да шығармашылық жұмыстарын редакцияға бірнеше минут ішінде жолдай алады. Сонымен қатар ай сайын белсенді қатысушылар арасынан үздік жас тілші анықталады.
Платформа құрамында журналистика негіздерін қарапайым тілмен үйрететін арнайы медиа мектеп жұмыс істейді. Онда балалар ақпаратпен жұмыс істеу, материал әзірлеу және журналистік этика қағидаларын меңгереді.
Сондай-ақ «Ержеттім… Бойжеттім…» айдары жасөспірімдерге өз ойларын ашық жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл бөлімге жолданған хаттарды редакция жеке қарап, олардың құпиялығы толық сақталады.
Платформа толықтай қазақ тілінде әзірленген және балаларға арналған қауіпсіз цифрлық орта ретінде жұмыс істейді. Сайтта сыртқы жарнама жоқ. Сонымен қатар пайдаланушылар редакциямен тікелей байланысып, газеттің баспа немесе PDF нұсқасына жазыла алады.
