Астанада «Сәлем, Қытай» туристік ресурстарының таныстырылымы өтті. Іс-шараның негізгі тақырыптары визасыз режим, жаңа саяхат мүмкіндіктері және туроператорлардың бірлескен жобалары болды, деп хабарлайды SteppeNews.kz.
Іс-шараны Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Елшілігінің қолдауымен Қытай мәдени орталығы мен Еуразиялық туризм қауымдастығы ұйымдастырды.
Оған Қазақстан мен Қытайдың 50-ге жуық туристік компаниясы, China Southern Airlines, Air China және Air Astana әуе компанияларының өкілдері, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері қатысты.
Фото: SteppeNews.kz
Кездесуді ашқан Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Елшілігінің кеңесші-елшісі Чэн Кэфань туристік ынтымақтастықтың екі ел арасындағы қарым-қатынастың маңызды бағытына айналғанын айтты.
«Бүгінгі таныстырылым Қытайдың сапалы туристік ресурстары мен Қазақстан-Қытай бағытында қызмет көрсететін әуе компанияларының мүмкіндіктерін көрсетті. Сонымен қатар бұл шара екі елдің туристік компаниялары арасында тиімді байланыс орнатып, ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге мүмкіндік береді. Туризм саласының өкілдері осы мүмкіндікті пайдаланып, туристердің сұранысына сай жаңа бірлескен туристік өнімдер әзірлейді деп сенемін. Бұл өзара тиімді әріптестікті нығайтып, жаңа жобалардың жүзеге асуына жол ашады», – деді Чэн Кэфань.
Қонақтарға Қытайдың әртүрлі өңірлерінің туристік әлеуеті таныстырылып, кәдесыйлар көрмесі ұйымдастырылды. Сондай-ақ Қазақстан мен Қытай арасында рейстер орындайтын әуе компаниялары өз мүмкіндіктерін таныстырды.
Еуразиялық туризм қауымдастығының төрайымы Мадина Искакованың айтуынша, іс-шараның басты мақсаты – екі елдің туристік нарық өкілдері арасында тікелей серіктестік орнату.
«Бұл іс-шара Қазақстан мен Қытай арасындағы туризмді дамыту үшін ұйымдастырылды. Біз тараптардың бір-бірін жақсырақ танып, ынтымақтастықты кеңейтіп, бірлескен жобаларды іске асыруын қалаймыз. Қазір ең маңызды міндет – екіжақты туризмді бірге дамыту», – деді Мадина Искакова.
Фото: SteppeNews.k
Таныстырылымға қатысқан China Southern Airlines компаниясының мәліметінше, әуе тасымалдаушысы күн сайын әлемнің 50-ге жуық елі мен өңіріндегі 220-дан астам бағытқа 2 500-ден астам рейс орындайды. Компания Қазақстанда 1989 жылдан бері жұмыс істейді және бүгінде Алматы мен Астанадан Қытай қалаларына тұрақты рейстерді жүзеге асырады.
Фото: SteppeNews.kz
Қытай мәдени орталығының директоры Ван Цзиньпин визасыз режимнің екі ел арасындағы туристік алмасуды жандандырып отырғанын айтты.
«Қазір Қазақстан мен Қытай тек көрші мемлекеттер ғана емес, достар әрі серіктестер. Екі ел арасында визасыз режим жұмыс істейді, сондықтан халықтардың өза
Фото: SteppeNews.kz
Кездесудің практикалық нәтижесі ретінде Қазақстанның Еуразиялық туризм қауымдастығы мен Қытайдың Ганьсу провинциясындағы Цзяюйгуань қаласының Туризм қауымдастығы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Құжат екі ел арасындағы туристік алмасуды дамытуға және туризм саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға бағытталған.
Свидетельство о постановке на учет периодического печатного издания, информационного агентства и сетевого издания KZ31VPY00089099 от 15.03.2024 г. Выдано Комитетом информации Министерства информации и коммуникаций Республики Казахстан