Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде «Керемет жібек: Қытайдың заманауи жібек өнері» атты халықаралық көшпелі көрменің салтанатты ашылу рәсімі өтті деп хабарлайды SteppeNews.kz, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.
Іс-шараға ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов қатысып, Премьер-Министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау хатын оқып берді.
Құттықтау хатында мәдениеттің халықтарды жақындастырып, рухани байланысты нығайтатын әрі халықаралық ынтымақтастықты дамытатын маңызды құндылық екені айтылды. Сонымен қатар Қазақстан мен Қытайды ғасырлар бойы жалғасқан достық қарым-қатынас пен Ұлы Жібек жолының ортақ тарихи мұрасы байланыстыратыны, бүгінде екі елдің мәдени-гуманитарлық байланысы жаңа деңгейге көтерілгені атап өтілді.
Көрме Қытайдың Жібек музейі, Хучжоу музейі және Тұрпан музейімен бірлесіп ұйымдастырылған. Экспозиция келушілерді Қытайдың жібек өнерінің бай мәдени мұрасымен, дәстүрлі қолөнер ерекшеліктерімен және оның заманауи даму бағыттарымен таныстырады.
Көрмеге сәндік-қолданбалы өнер шеберлері, суретшілер мен дизайнерлердің 100-ге жуық туындысы қойылған. Келушілер дәстүрлі жібек тоқу, кестелеу, бояу және көркем баспа өнерінің үздік үлгілерімен қатар, заманауи бағытта жасалған жұмыстарды да тамашалай алады.
Шара аясында Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі мен Қытай Халық Республикасының Тұрпан музейі арасында өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Көрме 20 қыркүйекке дейін жалғасады.
