Алматы қаласында осыдан сегіз жыл бұрын қайғылы жағдайда қаза тапқан танымал мәнерлеп сырғанаушы, Олимпиада ойындарының жүлдегері Денис Теннің құрметіне көше атауы берілді, деп хабарлайды SteppeNews.kz Nur.kz ақпараттық порталына сілтеме жасап.
Қалалық әкімдіктің жаңа қаулысына сәйкес, мегаполистегі бірнеше ауданда орналасқан атаусыз көшелерге белгілі қоғам және мәдениет қайраткерлерінің, спорт саңлақтарының, сондай-ақ тарихи мекендер мен қалалардың есімдері берілді. Жалпы алғанда, Алатау, Әуезов, Бостандық, Медеу, Жетісу, Наурызбай және Түрксіб аудандарындағы 150-ден астам көше жаңа атауға ие болды.
Ресми құжат мәліметінше, даңқты спортшы Денис Теннің есімі берілген көше Бостандық ауданына қарасты «Архат» шағынауданында орналасқан.
Сонымен қатар жаңадан бекітілген тізімде қазақ спортының аңызы, ауыр атлет Анатолий Храпатый, археолог Амантай Байтанаев, балалар театрының негізін қалаушы Наталья Сац, ғалым Қайым Мұхамедханов, жазушы Әбдіжәмил Нұрпейісов, ақын Мұзафар Әлімбаев сынды біртуар тұлғалар мен Вьетнамның мемлекеттік қайраткері Хо Ши Миннің есімдері бар.
Тұлға аттарынан бөлек, Алматы картасында мәдени және географиялық атаулар да пайда болды. Олардың қатарында Шанқобыз, Ақсарай, Жаңаөзен, Ақтау, Үшарал, Бозжыра және Ерейментау сынды жаңа көше атаулары бар.
Әкімдік қаулысы ресми түрде жарияланған күннен бастап заңды күшіне енді. Көшелердің толық тізімімен ресми құжаттар базасынан танысуға болады.
