Қазақстан мен Қытай Халық Республикасы су шаруашылығы саласына жоғары білікті маман даярлау ісін бірлесе қолға алмақ, деп хабарлайды SteppeNews.kz ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл мәселе Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов пен Қытайдың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Хань Чуньлиннің кездесуінде талқыланды. Екіжақты жүздесуде су саласындағы ынтымақтастықты нығайту және кадр әлеуетін арттырудың маңызды қадамдары айқындалды.

Министрліктің мәліметінше, осы жылдың қыркүйек айында Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті Солтүстік Қытай су ресурстары және гидроэнергетика университетімен бірлескен білім бағдарламасын ресми түрде іске қосуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар қазақстандық студенттердің Қытайдың аталған жетекші жоғары оқу орнында тегін білім алуы үшін арнайы гранттар бөлу мәселесі бойынша келіссөздер белсенді жүріп жатыр.
Білім беру бағытындағы тағы бір маңызды жоба – Тараз қаласында іске асырылмақ. Қазіргі таңда Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының базасында Қытайдың «Үш шатқал» электр энергетикасы кәсіптік колледжімен бірлескен заманауи оқу орталығын ашу мәселесі пысықталып жатыр.
Кадрларды қайта даярлау жұмыстары қазірдің өзінде басталып кетті. Биыл мамыр айында отандық су шаруашылығы мамандарының алғашқы тобы Қытайға арнайы семинарға барып қайтты. Онда қазақстандық мамандар су ресурстарын басқару жүйелерін жоспарлау, су нысандарын кешенді сауықтыру технологияларымен танысты.
Аталған семинар «Қазсушар» РМК мен Power China International Group Limited, сондай-ақ екі елдің Су шаруашылығы министрліктері арасындағы өзара түсіністік меморандумдары аясында ұйымдастырылды. Сапардың барлық шығынын Қытай тарапы өз мойнына алған. Министрліктің хабарлауынша, жыл соңына дейін көрші елде шамамен 200 қазақстандық маман білім алып, біліктілігін арттырады.

Кездесу барысында білімнен бөлек, өндірістік және стратегиялық мәселелер де сөз болды. Нұржан Нұржігітов қытайлық компаниялардың Қазақстан аумағындағы су инфрақұрылымы жобаларын іске асыруға қатысу мүмкіндігін ортаға салды. Сондай-ақ екі мемлекет үшін де аса маңызды трансшекаралық су ресурстарын бөлу жөніндегі келіссөздердің барысы талқыланды.
«Қазақстан мен Қытайды берік стратегиялық әріптестік байланыстырады. Біз өзара ынтымақтастығымызды жоғары бағалаймыз және бүгінгі кездесу су ресурстарын тиімді басқару саласындағы екіжақты өзара іс-қимылды одан әрі нығайтуға серпін беретініне сенімдіміз», – деді ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
