Алматыда Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры 92-театр маусымының шымылдығын «Операдағы түн» атты ауқымды жобамен жапты. Ашық аспан астында өткен бірегей мәдени шара 5 мыңнан астам көрермен жинап, отандық өнер әлеміндегі елеулі оқиғалардың біріне айналды.

Бұл кеш дәстүрлі театр кеңістігінің аясынан шығып, Алматыны дамытудың жаңа тұжырымдамасын айқын көрсетті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін Алматының Нью-Йорк, Мәскеу және Париж секілді тәулік бойы қарқынмен өмір сүретін мегаполиске айналуы қажет екенін айтқан болатын.
«Операдағы түн» жобасы осы бастаманың жарқын көрінісі ретінде өнерге бөленген түнгі қала тұрғындарын классикалық музыка төңірегінде біріктірді. Театр алдындағы алаңда ұйымдастырылған концертке ұлы өнердің құдіретін сезіну үшін қаланың ең шалғай аудандарынан да жұртшылық арнайы ағылды.

Симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен театрдың жетекші солистері мен хоры әлемдік және ұлттық опера өнерінің жауһарларын орындады. Жиналған қауым Карл Орфтың әйгілі «O Fortuna» шығармасын, Верди мен Пуччини операларындағы әсерлі көріністерді ерекше ықыласпен тыңдады.
Сондай-ақ сахнада қазақ операсының інжу-маржандары — «Біржан – Сара» мен «Абай» қойылымдарынан үзінділер орындалды. Кештің шарықтау шегі мыңдаған көрерменнің театр артистерімен бірге аңызға айналған «Гүл Алматым» әнін бір дауыспен шырқауы болды.

Ауқымды жобаны жүзеге асыруға 200-ден астам өнерпаз қатысып, олардың қатарында танымал опера шеберлері де, жас дарындар да бой көрсетті. Музыкалық сүйемелдеуді театрдың симфониялық оркестрі мен хоры қамтамасыз етті.
Дирижерлік тізгінді маэстролар Нұржан Байбосынов пен Қуаныш Исмаилов ұстады. Бас хормейстер Әлия Темірбекова хордың қуатты үнін қалыптастырса, қоюшы режиссер Наталья Кагадий мен режиссер Алуа Сабо концерт бағдарламасын тұтас көркем қойылым деңгейіне көтерді.

Көрерменге лық толы алаң мен өнермен үндескен халықтың ықыласы бұл жобаның жаңа дәстүрге айналғанын көрсетті. Шара Алматының тәулік бойы өнермен тыныстайтын мәдени астана ретіндегі келбетін айшықтай түсті.
