Алматы Қытайдың ірі туристік орталықтарының бірі Харбинмен туристік байланысты нығайтып келеді. Жақында Алматыда қалалық Туризм басқармасының басшысы Ғалия Тоқсейітова мен Харбин қаласы Халық үкіметі Сыртқы істер кеңсесі басшысының орынбасары Ван Нин бастап келген Қытай делегациясының кездесуі өтті. Кездесу барысында тараптар туризм, мәдени алмасу, креативті индустрия және екі қаланың туристік әлеуетін бірлесіп ілгерілету бағытындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады.

Әсіресе, қысқы туризмді дамыту мәселесіне ерекше назар аударылды. Харбин Қытайдағы мұз және қар туризмінің жетекші орталықтарының бірі саналады. Ал Алматы халықаралық деңгейдегі заманауи тау шаңғысы және рекреациялық орталық қалыптастыруды көздейтін Алматы тау кластері жобасын жүзеге асырып келеді. Осыған байланысты тараптар туристік инфрақұрылымды дамыту және халықаралық қысқы іс-шараларды ұйымдастыру тәжірибесімен алмасты.
Сонымен қатар тараптар туристік алмасуды кеңейту, бірлескен туристік өнімдерді ілгерілету және екі қала арасындағы тікелей байланысты дамыту мәселелерін қарастырды. Бұл қадамдар екі ірі мегаполис арасындағы туристер ағынын арттыруға тікелей септігін тигізбек.
Айта кетейік, Қытай Алматы үшін басым туристік нарықтардың бірі болып саналады. 2026 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша Қытайдан келген туристер саны 14 пайызға артып, 23 890 адамға жетті. Қытай өңірлерімен серіктестікті дамыту екі ел арасындағы туристік байланысты нығайтып, өзара туристік қызығушылықтың артуына ықпал етеді.
Ақпарат пен фото Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінен
