XX ғасырдың дәстүрлі кедендік тетіктері трансшекаралық экономиканы қазіргі санкциялық және киберқауіптерден қорғай алмайды. Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде өткен BRI-2026 халықаралық форумы – «Қытай – Орталық Азия: Цифрлық Жібек жолы, білім және инновациялар» барысында профессор Зайнаб Вахиид Даххам өңірлік балама ұсынды. Ол блокчейн хаттамаларына, автоматтандырылған смарт-соттарға және жасанды интеллектіні тәуелсіз реттеу жүйесіне көшудің маңызын негіздеді.
Шекарадағы бюрократиялық тығырық
Қытай мен Орталық Азия арасындағы сауда айналымы қарқынды өсіп келеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш рекордтық 106,3 миллиард АҚШ долларына жетті. Оның ішінде Қазақстанның үлесі шамамен 49 миллиард долларды құрайды.
Алайда өңірдің физикалық инфрақұрылымы елеулі логистикалық қиындықтарға тап болып отыр. Мемлекеттер арасындағы шекараларда жүк тасымалы бірнеше күнге дейін кідіріп жатады.
«Дәстүрлі жүйеде пойыздар шекарада тәулік бойы тұрып қалады. Қазақстан мен Қытай үкіметтері ұзақ уақыт хат алмасуға мәжбүр», – дейді профессор Зайнаб Вахиид Даххам.
Мұндай жағдайдың басты себебі – қағаз құжат айналымының ескі жүйесі. Кеден қызметтері әрбір декларацияны мұқият тексеруге міндетті. Ал өндірушілер өнеркәсіптік тыңшылықтан қауіптеніп, кейбір мәліметтерді жасырады.
Соның салдарынан өңірді қамтамасыз ету жүйесі тұрақты тәуекелге ұшырап, экономикалық интеграцияның қарқыны бәсеңдейді.
Бірінші тірек: қағазбастылықтың орнына криптография
Профессор мәселені шешудің жаңа технологиялық жолын ұсынады. Оның негізінде «Ақылды кеден дәлізі» жобасы жатыр. Жүйе нөлдік жариялау дәлелдері (Zero-Knowledge Proof – ZKB) технологиясына сүйенеді.
Бұл математикалық хаттама коммерциялық құпияларды ашпай-ақ жүктердің түпнұсқалығын тексеруге мүмкіндік береді. Барлық параметрлер сәйкес келген жағдайда жүйе жүкті автоматты түрде өткізеді.
Егер контейнер зақымдалса немесе оның салмағы өзгерсе, жүйе бірден қате туралы белгі береді. Нәтижесінде кедендік рәсімдеу бірнеше күн емес, бірнеше минут ішінде аяқталуы мүмкін.
Екінші тірек: кибериммунитет және тәуелсіз серверлер
Өңірдің цифрлық кеңістігі күн сайын сыртқы қауіптерге ұшырайды. Маңызды инфрақұрылымдарға бағытталған хакерлік шабуылдар көбеюде. Сонымен қатар санкциялық қысым көлік және байланыс желілерінің жұмысына кедергі келтіруі мүмкін.

Осыған байланысты профессор өңірлік киберқауіпсіздіктің бірлескен жүйесін құруды ұсынады.
Ол үшін Бейжің мен Орталық Азия елдерінің астаналары арасында мемлекетаралық келісім қажет.
«Қатысушы елдердің біріне жасалған кез келген кибершабуыл бүкіл өңірдің цифрлық егемендігіне жасалған шабуыл ретінде қарастырылуы тиіс», – дейді профессор Даххам.
Ұсынылған стратегия батыстық бұлтты сервистерге тәуелділіктен бас тартуды көздейді. Барлық деректер ортақ макроөңір аумағында сақталуы керек. Осы мақсатта тәуелсіз дата-орталықтардың таратылған желісін құру ұсынылады. Мұндай жағдайда бір торапқа салынған санкция бүкіл жүйенің жұмысын тоқтата алмайды.
Үшінші тірек: бес жылдық даулардың орнына смарт-соттар
Дәстүрлі сот жүйесі бизнестің даму қарқынына ілесе алмай отыр. Халықаралық деңгейдегі технологиялық дауларды қарау орта есеппен бес жылға дейін созылады. Компаниялар заңгерлерге миллиондаған доллар жұмсайды.
Профессордың пікірінше, мәселенің шешімі – блокчейн негізіндегі смарт-келісімшарттар.
Олар жабдықтарды бақылау датчиктерімен тікелей байланысып жұмыс істейді.
«Егер жеткізуші келісімшарт талаптарын бұзса, жүйе оны автоматты түрде тіркейді. Айыппұл бірнеше минут ішінде құқық бұзушының шотынан алынады. Тараптар енді жылдар бойы сот шешімін күтпейді. Блокчейн міндеттемелердің орындалуына кепіл болады», – деп түсіндіреді профессор.
Төртінші тірек: егемен жасанды интеллект
Қазіргі таңда Еуразия кеңістігі көбіне сыртқы цифрлық стандарттарға сүйенеді. Жасанды интеллектіні реттеуге қатысты ережелердің басым бөлігі Еуропалық одақта әзірленген және көбінесе еуропалық мүдделер мен құндылықтарды көрсетеді.
Профессордың пікірінше, Қытай мен Орталық Азия елдеріне өздерінің Цифрлық егемендік хартиясы қажет.
Бұл құжат өңір елдерінің мәдени ерекшеліктері мен қауіпсіздік талаптарын ескеруі тиіс.
Бірыңғай ережелер инновациялық ІТ-өнімдерді сертификаттау үдерісін жеделдетіп, жаңа технологияларды мақұлдау мерзімін бірнеше күнге дейін қысқартуға мүмкіндік береді.
«Қазіргі экономиканың қауіпсіздігін XX ғасырдың ескі әдістерімен қамтамасыз ету мүмкін емес. Криптографиялық қорғалған егемен дәліздер жобасы бюрократияға нақты балама ұсынады», – дейді профессор Зайнаб Вахиид Даххам.
Оның пікірінше, ZKB-верификацияны, смарт-келісімшарттарды және егемен жасанды интеллектіні енгізу өңірлік бизнесті қорғап, тәуелсіз әрі орнықты цифрлық болашақтың негізін қалайды.
