Алматы қаласында жеңіл рельсті көлік (LRT) жобасын іске асыру аясында ауқымды құрылыс жұмыстары басталады. Осыған байланысты Бауыржан Момышұлы көшесінің бойында көлік қозғалысына уақытша шектеу енгізілмек, деп хабарлайды SteppeNews.kz BAQ.KZ ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Құрылыс кезеңінде Момышұлы көшесінің Мөңке би көшесінен Төле би көшесіне дейінгі аралығында жолдың қақ ортасындағы екі жолағы көлік қозғалысы үшін толығымен жабылады. Осы жұмыстар жүріп жатқан уақытта қоғамдық көлікке арналған арнайы А-жолағы уақытша өз қызметін тоқтатады. Сондай-ақ бұл аумақтағы бейнебақылау камералары автобус жолағына шыққан жеңіл көліктерді тіркемейтін болады. Жауапты мамандар жүргізушілерге аталған учаскеде кептеліс туындауы мүмкін екенін ескертіп, жол жүру бағытын алдын ала жоспарлауды ұсынады.
Еске сала кетсек, Алматыдағы жеңіл рельсті көлік (LRT) жобасының бірінші кезеңі Момышұлы көшесі – Төле би көшесі – Абылай хан даңғылы – «Алматы-2» теміржол вокзалы бағыты бойынша жүргізіледі. Ал LRT депосы Алатау ауданында орналасқан Индустриялық аймақтың оңтүстік бөлігінен бой көтереді.
Жобаның алғашқы кезеңі қамтитын жолдың жалпы ұзындығы 18,3 шақырымды құрамақ.
