Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті UI GreenMetric World University Rankings 2026 халықаралық рейтингінде жоғары нәтижесін сақтап қалды. Университет Қазақстанның жоғары оқу орындары арасында І орынды иеленіп, әлемдегі үздік 150 «жасыл» университеттің қатарына кірді деп хабарлайды SteppeNews.kz ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.
Биылғы рейтингке әлемнің 2015 университеті қатысты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 270 оқу орнына көп. Қазақстаннан да рейтингке қатысқан университеттер саны артты. Егер 2025 жылы тізімде 30 қазақстандық ЖОО болса, 2026 жылы олардың саны 41-ге жетті. Осы ретте ШҚТУ елдегі көшбасшылық позициясын сақтап қалды.
Университеттің рейтинг критерийлері бойынша көрсеткіштері де жақсарған. 2026 жылы ШҚТУ 8462,5 балл жинады. Ал жоғары ықтимал нәтижелерді орындау деңгейі 2020 жылғы 71%-дан 2026 жылы 85%-ға дейін өсті.
Білім беру және зерттеу бағыты бойынша университет екінші жыл қатарынан 100% нәтижеге қол жеткізді. Биыл рейтингке жаңадан енгізілген «Басқару» санатында ШҚТУ 99% көрсеткішке ие болды. Бұл тұрақты даму қағидаттарының университеттің басқару жүйесінде де ескерілетінін көрсетеді. Су ресурстарын тиімді пайдалану және басқару бағытында да көрсеткіштер жақсарған.
ШҚТУ-дың тұрақты даму жұмыстары білім беру және ғылыми жобаларды жүзеге асыруды, энергия тиімді инфрақұрылымды жетілдіруді, табиғи ресурстарды ұқыпты пайдалануды және экологиялық бастамаларды қамтиды. Сонымен қатар университет климат пен энергетика саласындағы саясатын да осы бағытқа сәйкес жүргізіп келеді.
UI GreenMetric 2026 рейтингіндегі нәтиже ШҚТУ-дың экологиялық жауапкершілік, инновациялар және тұрақты даму қағидаттарын университеттің білім беру және басқару жүйесіне енгізу бағытындағы жұмысын көрсетеді. Университет Қазақстандағы жоғары оқу орындары арасындағы көшбасшылық орнын сақтап, әлемдік үздік 150 «жасыл» университет қатарында қалды.
Келесі материал: Антальядағы қазбалар Рим дәуіріндегі әйелдердің рөлін көрсетті
