Қазақстанда шекара арқылы жанармайды заңсыз тасымалдау деректері азаймай тұр. Осыған байланысты Ішкі істер министрлігі шекара маңындағы өңірлерде бақылауды күшейтті деп хабарлайды SteppeNewz.kz, zakon.kz сайтына сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, соңғы екі айдың өзінде құқық қорғау органдары шамамен 17 тонна жанар-жағармай материалдарын елден заңсыз шығарудың жолын кескен. Сонымен қатар, қосымша жанармай бактарымен жабдықталған 87 көлік анықталып, олардың иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Қазіргі уақытта шекаралық аудандарда патрульдік полицияның 59 бекеті жұмыс істеп тұр. Мамандар әсіресе жол талғамайтын көліктер мен жанармайды жасырын тасымалдауға бейімделген көліктерге ерекше назар аударуда.
Сондай-ақ полиция қызметкерлері көліктерді заңсыз қайта жабдықтауы мүмкін техникалық қызмет көрсету орталықтарын да тексеріп жатыр. Мемлекеттік кірістер органдарымен бірлесіп жүргізілген рейд барысында 16 техникалық қызмет көрсету станциясы тексеріліп, олардың алтауы бойынша әкімшілік материалдар жиналған.
Министрлік мәліметінше, жанармай бактары заңсыз үлкейтілген көліктер ең көп тіркелген өңірлердің бірі – Жамбыл облысы. Мәселен, Қордай ауданында полицейлер тоқтатқан автобустан әрқайсысының көлемі 600 литр болатын жасырын қосымша бактар табылған.
Құзырлы органдар мұндай заңбұзушылықтардың алдын алу жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті. Өйткені жанармайды заңсыз тасымалдау елдің энергетикалық қауіпсіздігіне және ішкі нарықтағы тұрақтылыққа әсер етуі мүмкін.
