Маңғыстау облысында әлемге әйгілі актер Джеки Чанның қатысуымен түсірілетін «Доспехи Бога 4: Ультиматум» халықаралық кино жобасының өндірістік жұмыстары басталды деп хабарлайды SteppeNews.kz, KAZ.NUR.KZ. сайтына сілтеме беріп.
Алғашқы түсірілім кадрлары Маңғыстаудың ерекше табиғи ландшафттарында, соның ішінде әлемге танымал Бозжыра шатқалында түсірілген. Киножобаның негізгі түсірілім локацияларының бірі ретінде дәл осы аймақ таңдалған.

7–12 маусым аралығында түсірілім алаңында 35 адамнан тұратын халықаралық шығармашылық топ жұмыс істеген. Жоба аясында өңірдің табиғи көріністері мен ерекше географиялық нысандары кеңінен пайдаланылуда.
Маңғыстау облысының әкімдігі өкілдері түсірілім тобы мүшелерімен кездесіп, өңірдің киноиндустрия үшін ашық екенін және мұндай ауқымды жобаларды қолдауға дайын екенін атап өтті.

Әкімдік мәліметінше, бұл жоба тек киноиндустрия үшін ғана емес, сонымен қатар өңірдің туристік әлеуетін арттыруға да ықпал етпек. Табиғи нысандардың халықаралық фильмде көрсетілуі Қазақстанға деген шетелдік қызығушылықты күшейтеді деп күтілуде.

Сонымен қатар түсірілім жұмыстары биыл толық аяқталып, фильмнің үлкен экрандарға шығуы 2027 жылдың ақпанына жоспарланған.
Айта кетейік, бұған дейін Джеки Чан Қазақстанға келіп, қазақстандық әріптестерімен кездесіп, түсірілім локацияларын аралаған болатын. Кейін танымал актердің жаңа фильмінің бір бөлігі дәл Маңғыстауда түсірілетіні ресми түрде белгілі болды.
