SteppeNews.kz: Қазақстанда бетін жасырып жүрген 1 179 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігі хабарлады.
«Құқық бұзушылықтың алдын алу туралы» заңның 75-бабы 3-тармағына сәйкес, азаматтарға қоғамдық орындарда бетін жасыруға тыйым салынады. Алайда заңда бірқатар ерекшелік қарастырылған. Атап айтқанда, ауа райының қолайсыздығына, медициналық көрсетілімдерге, қызметтік міндеттерді орындауға, сондай-ақ спорттық және мәдени іс-шараларға қатысуға байланысты жағдайларда бұл талап қолданылмайды.
ІІМ өкілдері мұндай құқық бұзушылық үшін жауапкершілік Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-3-бабында көзделгенін еске салды. Бетін жасырған азаматтарға ескерту жасалады, ал бір жыл ішінде қайта заң бұзғандарға 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады.
Министрлік мәліметінше, аталған норма күшіне енгеннен бері 1 179 адам жауапкершілікке тартылған.
