SteppeNews.kz: 18 мамыр – Халықаралық музейлер күніне орай Қазақстан Республикасы Ұлттық орталық музейі дәстүрлі «Музей түні – 2026» мәдени-танымдық акциясын өткізді. Биылғы іс-шара «Әрқилы әлемді бір арнаға тоғыстырған музейлер» тақырыбымен ұйымдастырылып, келушілерге тарих пен мәдениетті жаңа форматта таныстыруды мақсат етті.

Кеш аясында музей түнге дейін жұмыс істеп, қала тұрғындары мен қонақтарына көрмелер, театрландырылған қойылымдар, концерттік бағдарламалар, шеберлік сағаттары мен интерактивті ойындар ұсынылды. Келушілер «Жанды музей» форматындағы экскурсияларға қатысып, тарихи кейіпкерлермен жүздесті.
«Бірегей!» көрмесінің ерекшелігі
Іс-шараның негізгі бөлігінің бірі – сирек жәдігерлер қойылған тақырыптық көрмелер болды. Олардың қатарында «Бірегей!» көрмесі, Қазақ радиосының 105 жылдығына арналған «Ұлттың үнбайрағы» экспозициясы, сондай-ақ М. Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының 100 жылдығына арналған «Ғасыр жасаған ұлт театры» көрмесі көпшіліктің қызығушылығын тудырды.

Музей қорында сақталған көне кілемдер мен тоқыма бұйымдары қойылған «Масатыдай құлпырған…» көрмесінде ХХ ғасыр басынан жеткен сирек жәдігерлер таныстырылды. Сонымен қатар келушілер VR технологиялары арқылы тарихи кезеңдерге «саяхаттап», робот шоу бағдарламаларын тамашалады.

Орталық музейдің бас қор сақтаушысы Үміт Ашимова «Музей түні» акциясының басты ерекшелігінің бірі – күнделікті көрерменге ұсыныла бермейтін сирек экспонаттардың арнайы көрмеге шығарылуы екенін атап өтті.
«Бұл акцияның ерекшелігі – музей қорында сақталған, бірақ тұрақты экспозицияда күнде көрсетіле бермейтін бірегей жәдігерлердің көпшілік назарына ұсынылуы. Әсіресе “Бірегей!” көрмесінде сирек әрі тарихи маңызы жоғары экспонаттар қойылды. Мұндай дүниелерді келушілер жыл сайынғы “Музей түні” кезінде ғана тамашалай алады», – деді Үміт Ашимова.
Театр, музыка және интерактивті бағдарламалар
Кеш барысында музей алдында концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, танымал өнерпаздар мен музыкалық ұжымдар өнер көрсетті. Сондай-ақ келушілер кілем тоқу, киіз басу, қыш ыдыс жасау, тоғызқұмалақ және көне түркі жазуына арналған шеберлік сабақтарына қатысты.
Айта кетейік, «Музей түні» акциясы әлемнің көптеген елінде өтетін халықаралық мәдени жоба саналады. Қазақстанда бұл бастама жыл сайын музей ісіне қоғам назарын аударып, тарихи мұраны насихаттауға бағытталған ірі мәдени шаралардың біріне айналып келеді.
