Қазақстанда психикалық денсаулық саласындағы медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында 81 бастапқы орталық пен аутизм спектрінің бұзылыстары бар балаларға арналған 189 күндізгі бөлімше ашу жоспарланып отыр. Бұл шаралар ерте диагностикалау, емдеу және оңалту қызметтерін дамытуға, соның ішінде ауыл тұрғындары үшін медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінде өткен кеңесте Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры Гүлнар Сәрсенбаева мәлімдеді деп хабарлайды SteppeNews.kz.
Ол Халықтың психикалық денсаулығын сақтаудың 2027–2031 жылдарға арналған кешенді жоспарының жобасын таныстырды. Құжат 11 бағыт бойынша жүзеге асырылатын 60 іс-шараны қамтиды.
Денсаулық сақтау министрлігі Ұлттық психикалық денсаулық орталығының басшысы Әлия Рүстемова өңірлердегі 20 психикалық денсаулық орталығында жүргізілген мониторинг қорытындыларын ұсынды.
«Бүгінде психикалық денсаулық мәселелері ерекше маңызға ие. Біздің міндетіміз – пациенттің тұрғылықты жеріне қарамастан, еліміздің барлық өңірінде мамандандырылған көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету», – деп атап өтті Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.
Қазіргі уақытта Қазақстанда 20 психикалық денсаулық орталығы, 101 бастапқы орталық және 212 бейінді кабинет жұмыс істейді. Мониторинг нәтижесінде 12 өңірде қосымша 81 бастапқы орталық ашу қажеттілігі анықталған.
Аутизм спектрінің бұзылыстары бар балаларға да ерекше назар аударылып отыр. Осы бағытта психикалық денсаулық орталықтары мен аудандық ауруханалар базасында 189 күндізгі болу бөлімшесін ашу жоспарланған. Бұл балаларға тәулік бойы стационарға жатқызбай-ақ, қажетті оңалту қызметтерін алуға мүмкіндік береді.
Министр саладағы кадр тапшылығын азайтып, балалар мен ересектер психиатриясы бағыттарын білікті мамандармен қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен қатар медицина қызметкерлерін әлеуметтік қолдаудың қосымша шараларын қарастыру қажеттігін атап өтті.
«Кадр тапшылығы әлі де негізгі мәселелердің бірі болып отыр. Мамандар даярлауды кеңейту, оның ішінде жергілікті атқарушы органдардың білім беру гранттары есебінен оқыту көлемін арттыру және медицина қызметкерлерін әлеуметтік қолдаудың қосымша шараларын қарастыру қажет», – деді министр.
Кешенді жоспар жобасында медициналық ұйымдарды жаңғырту, жабдықтарды жаңарту, амбулаториялық көмекті дамыту және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесін жетілдіру де қарастырылған.
Жоспардың негізгі мақсаты – психикалық денсаулық бұзылыстарын ерте анықтаудан бастап емдеу, оңалту және әлеуметтік қолдауға дейінгі медициналық көмектің қолжетімді әрі үздіксіз жүйесін қалыптастыру.
Келесі материал: Қытайдың Цзиндэчжэнь қаласында халықаралық керамика көрмесі өтті
