SteppeNews.kz: Қазақстан мен Қытайдың алғашқы бірлескен «Voice Beyond Horizon» телешоуы нағыз медиа-феноменге айналды. Димаш Құдайбергеннің продюсерлігімен өткен бұл халықаралық жоба 2,36 миллиардтан астам қаралым жинап, қазақ мәдениетін әлемдік деңгейде тағы бір биікке көтерді.
Биылғы жылдың 5 ақпаны мен 23 сәуірі аралығында әлемдік экрандарды баурап алған «Voice Beyond Horizon» жобасы жай ғана музыкалық шоу емес, Ұлы Жібек жолының заманауи симфониясына айналды. Қытайлық Hunan TV телеарнасымен бірлесе жүзеге асырылған бұл ауқымды бастаманың авторы әрі атқарушы продюсері — Қазақстанның халық әртісі Димаш Құдайберген. Шоу форматы жағынан музыкалық өнер мен реалити-саяхатты шебер ұштастырып, Қытай, Қазақстан, Қырғызстан, Италия, Малайзия және Сербиядан келген 8 дарынды орындаушының басын қосты.

Жобаның негізгі ерекшелігі — оның географиялық ауқымында. Түсірілім жұмыстары еліміздің ең көрікті аймақтарында өтіп, шетелдік көрермендерге Қазақстанның туристік әлеуетін паш етті. Астана мен Алматының зәулім ғимараттарынан бастап, көне Түркістанның тарихы, Бозжыраның ақ шаңқан шыңдары, Каспийдің жағалауы мен Бурабайдың көркем табиғаты әлемдік аудиторияны тәнті етті. Қайыңды мен Көбейтұз көлдерінің сиқырлы бейнесі миллиондаған адамның Қазақстанға деген қызығушылығын оятты.
Цифрлық көрсеткіштер жобаның теңдессіз табысын дәлелдейді:
-
Интернет-арналардағы жалпы қаралым саны 2,36 миллиардқа жетті.
-
Mango TV платформасындағы көрсетілім 700 миллионнан асты.
-
Бағдарламаның барлық 11 шығарылымы телерейтингте көш бастап, 1-орынды иеленді.
-
Жоба әлемдік трендтер тізіміне 474 реттен астам енді.

Халықаралық саяси және медиа орта да бұл жобаға ерекше назар аударды. Қытайдың басты басылымы «People’s Daily» жобаны төрт мәрте жоғары бағаласа, «Europe Times» пен «Brazil Daily News» сияқты 200-ден астам шетелдік БАҚ «Voice Beyond Horizon» туралы таңдана жазды. Бес елдің 15 мемлекеттік құрылымы тарапынан ресми ұсынымдар алуы жобаның мәдени дипломатиядағы рөлін айқындай түсті.
Бұл жетістікке еліміздің ірі компаниялары мен мемлекеттік құрылымдарының жұмыла қолдау көрсетуі арқасында қол жеткізілді. “Qarmet”, “Қазақмыс”, “Алтыналмас” АҚ сияқты демеушілер мен өңір әкімдіктерінің жан-жақты көмегі жобаның сапалы шығуына негіз болды. «Voice Beyond Horizon» — музыканың шекара танымайтынын және Қазақстанның әлемдік медиа кеңістігінде өз орны бар екенін дәлелдеген жарқын жоба.
