SteppeNews.kz: 16 мамыр күні Астанада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен көптен күткен жеңіл рельсті көлік – LRT желісі ресми түрде іске қосылды.
Іске қосу рәсіміне Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чуньлинь, жылжымалы құрамды шығарған қытайлық зауыт өкілдері, елорда басшылығы және жобаны жүзеге асыруға қатысқан компаниялардың өкілдері қатысты.

Мемлекет басшысы LRT-ның Бірыңғай диспетчерлік орталығының жұмысымен және пойыз қозғалысын басқару жүйесімен танысты. Сондай-ақ Президентке 001 нөмірлі арнайы карта табысталды. Одан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа LRT желісімен «Әуежай» бекетінен «Ұлттық музей» бекетіне дейін жүріп өтті. Президентпен бірге сапарға Астана әкімі Жеңіс Қасымбек, Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр және көлік саласының жетекшілері қатысты.
LRT – Қазақстандағы алғашқы жүргізушісіз жеңіл рельсті көлік жүйесі. Желінің ұзындығы 22,4 шақырымды құрайды, бағыт бойында 18 бекет орналасқан. Жаңа бағыт халықаралық әуежай мен «Нұрлы жол» вокзалын байланыстырып, елорданың негізгі аудандары арқылы өтеді.
Пойыздар 600-ден астам жолаушыға арналған. Қозғалыстың орташа жылдамдығы сағатына шамамен 60 шақырым болса, пойыздар аралығы 5–6 минутты құрайды.
Жол жүру құны 200 теңге болады. Төлемді банк картасы, смартфон, QR-код және Face ID арқылы жасауға мүмкіндік қарастырылған. LRT күн сайын таңғы 06:00-ден кешкі 23:00-ге дейін жұмыс істейді.
