SteppeNews.kz: Қазақстан мен Қытай туризм саласындағы ынтымақтастықты нығайтып жатыр. Бұл жұмыстың қалай жүргізіліп жатқаны, ҚХР-дың бесжылдық жоспарының әсері және бүгінгі таңдағы басым бағыттар туралы Алматы облысы туризм басқармасының басшысы Қуаныш Мирамбекұлы SteppeNews.kz тілшісіне айтып берді.
Жыл сайын Қытайда ел дамуының басымдықтары айқындалып, бесжылдық жоспардың негізі қаланатын «екі сессия» — алқалы жиын өтеді. Алматы облысы туризм басқармасы басшысының айтуынша, бұл шешімдер Қазақстанның туристік саласына да өз әсерін тигізеді.
«Қытайдың стратегиялық жоспарлауы мен Қазақстандағы туризмнің дамуы арасында тікелей және жүйелі байланыс бар. Сөз бесжылдық жоспардың басымдықтары қалыптасатын «екі сессия» аясында қабылданған шешімдер туралы болып отыр. Қытай дәстүрлі түрде туризмді тек қызмет көрсету саласы ретінде емес, сыртқы экономикалық және гуманитарлық өзара іс-қимыл құралы ретінде қарастырады. Жаңа стратегиялық бағыттарда шығу туризмін кеңейтуге, цифрлық сервистерді дамытуға және халықаралық бағыттарды қолдауға басымдық берілген. Осы логика тұрғысынан Қазақстан ең перспективалы серіктестердің біріне айналуда».

Көлік және цифрлық сервистер
Өсіп келе жатқан қызығушылықтың алғашқы көрсеткіші — авиақатынас. Соңғы жылдары Қазақстан мен Қытай арасындағы тікелей рейстер саны айтарлықтай артты.
«Алматыны Бейжің, Шанхай, Сиань, Үрімжі қалаларымен байланыстыратын бағыттар бар, сондай-ақ Шымкентпен қатынас дамып келеді. Іс жүзінде жыл сайын жаңа маршруттар ашылуда».
Екінші фактор — цифрлық орта. Қытайлық туристер WeChat және Alipay арқылы мобильді төлем жасауға дағдыланған. Қазақстан туризм саласын дамытуда бұл сұранысты ескеріп отыр.
«Бүгінде Алматы мен Алматы облысының көптеген мейрамханаларында, қонақүйлері мен сервис орталықтарында жергілікті банктердің қолдауымен қытайлық платформалар арқылы төлем жасау мүмкіндігі бар. Бұл саяхатшылар үшін кедергілерді айтарлықтай азайтады және туристер ағынының өсуіне тікелей әсер етеді».
Бөлек бағыт — онлайн брондау платформаларымен жұмыс істеу.
«Trip.com Group (бұрынғы Ctrip) компаниясымен ынтымақтастық қазақстандық қонақүйлерге Қытайдың ірі онлайн брондау нарығына шығуға мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде Алматының бірқатар қонақүйлері осы платформаларда ұсынылған, онда жедел төлем жасау және орын брондау мүмкіндігі қарастырылған».

Сұраныс және туристік іс-шаралардың дамуы
Қытайдан келетін қонақтарды нақты не қызықтырады?
«Ең үлкен қызығушылықты экологиялық туризм — табиғи ландшафттар, ұлттық парктер және ерекше маршруттар тудырады. Танымал бағыттардың қатарында Көлсай көлдері, Қайыңды көлі, Шарын шатқалы, Іле-Алатау ұлттық паркі, Қаскелең шатқалы және Қонаев қаласы бар. Сонымен қатар, MICE-туризмге (іскерлік туризм) және Қазақстанның туристік саласындағы инвестициялық мүмкіндіктерге деген қызығушылық артып келеді».
Сонымен қатар өңірде оқиғалық (событийный) туризм белсенді дамуда. Алматы облысында жыл сайын Орталық Азиядағы осындай ауқымдағы жалғыз шара — авиашоу өткізіледі. Бұдан бөлек, мотомаусымның ашылуы да үлкен қызығушылық тудырады, бұл шара өңірдегі ең ірі жиын саналады: мотошеруге екі мыңнан астам байкер қатысады.
«Соңғы авиафестивальдердің бірі 12 сәуірде өтті: аспанға 10-нан астам әуе кемесі көтеріліп, келушілердің жалпы саны шамамен 18 мың адамды құрады. Оның 12%-ы — шетелдік туристер, соның ішінде Қытайдан келгендер».
ШҰАР-мен ынтымақтастық және Шанхайдағы сервис орталығы
Қуаныш Мирамбекұлы Синьцзян-Ұйғыр автономиялық ауданымен (ШҰАР) ынтымақтастық туралы да айтып өтті. Оның айтуынша, 2024 жылы меморандумға қол қойылғаннан кейін туристік маршруттар әзірлене бастады және қазірдің өзінде туристер ағынының өскені байқалады.
«Қытай Халық Республикасымен, атап айтқанда Синьцзян-Ұйғыр автономиялық ауданымен Алматы облысы арасында тұрақты ынтымақтастық орнаған. Маңызды қадамдардың бірі — облыстық туризм басқармасы мен ШҰАР-дың тиісті ведомствосы арасындағы меморандумға қол қою болды. Осыдан кейін практикалық жұмыстар басталып, бүгінде біз туристер ағынының артқанын көріп отырмыз», — деді ол.
Бұдан әрі өзара іс-қимыл қытай нарығында жалғасты. Осы жылдың қаңтар айында Шанхайда Алматы облысының сервис орталығы ашылды.
«Шанхай туризм қауымдастығымен меморандумға қол қойылды. Ағымдағы жылдың қаңтарында Шанхайда Алматы облысы туризм басқармасының сервис орталығы ашылды».
Бұл орталық бірден бірнеше функцияны атқарады. Біріншіден, ол туристерге, турагенттер мен гидтерге өңір туралы, яғни нысандар, маршруттар, бағалар мен тұру жағдайлары туралы толық әрі шынайы ақпарат береді. Бұл шетелдік қонақтар үшін бағаны негізсіз көтеру жағдайларының алдын алу тұрғысынан өте маңызды.
Екіншіден, орталық инвесторлармен жұмыс істеуге бағытталған. Мұнда Алматы облысының туристік инфрақұрылымына — қонақүйлер салудан бастап дәмханалар мен мейрамханалар ашуға дейінгі салаларға инвестиция салу бойынша кеңес алуға болады. Сондай-ақ, лицензиясы бар гидтер мен Қазақстан аумағында қолжетімді туристік өнімдер туралы ақпарат беріледі.
Экологиялық тепе-теңдік
Сонымен қатар, туристер ағынының жыл сайын 30-35%-ға дейін қарқынды өсуі инфрақұрылымға салмақ түсіреді. Проблемалардың қатарында қытай тілін білетін гидтердің тапшылығы және табиғи аймақтардағы шектеулі мүмкіндіктер бар.
Барлық оң өзгерістерге қарамастан, басқарма басшысы өсім табиғатқа зиян тигізбеуі керек екенін баса айтты. Өңірде инфрақұрылымды, соның ішінде жол мәселесін дамыту бойынша жұмыстар жүргізілуде (мысалы, Қайыңды көлі бағытында). Барлық жобалар экологиялық талаптар мен мамандардың ұсыныстарын ескере отырып жүзеге асырылуда.
«Қазақстан туризмді экологиялық тепе-теңдікті сақтай отырып дамытуға тырысады. Мысалы, ұлттық парктерде экожүйені сақтау және жануарлар дүниесінің табиғи айналымын бұзбау үшін қызметтің кейбір түрлеріне — балық аулауға немесе кемпингке шектеу қойылады. Туризмнің дамуы табиғатқа зиян келтірмеуі тиіс».
Алматы облысы қытайлық туристер үшін маңызды тартылыс нүктелерінің біріне айналып келеді. Дегенмен, саланы әрі қарай дамыту қызмет көрсету сапасын, инфрақұрылымды және табиғи ресурстарға ұқыпты қарауды ескеретін жүйелі тәсілді талап етеді.
«Осылайша, Қытайдың бесжылдық жоспары Қазақстанның туристік саласына жанама болса да, айтарлықтай әсер етеді. Ол туристер ағынын күшейтеді, цифрлық сервистердің дамуына серпін береді, инвестициялық мүмкіндіктер ашады және инфрақұрылымды дамытуға неғұрлым жүйелі тәсілді қажет етеді. Бұл жағдайда Қазақстанның басты міндеті — тепе-теңдікті сақтау: өсіп келе жатқан туристік ағынның экономикалық әлеуетін елді шетелдік қонақтар үшін тартымды ететін табиғи және мәдени негізді бұзбай пайдалану».

