SteppeNews.kz: «Медиа экспедиция: Алматы фокуста» атты көктемгі журналистика мектебінің қорытынды үшінші күні Абылайхан атындағы университетте басталды. Талапкерлер, еріктілер мен факультет басшылығы бас қосып, Ой-Қарағай тау курортына қарай жолға шықты.
Бұл шешуші күн үшін ең дұрыс таңдау еді. Үш күн бойы балалар журналистика туралы сыр шертіп, тәжірибелі мамандарды тыңдап, сауалдарын жолдады. Ендігі кезек — сол алған білімді іс жүзінде көрсету, оны университет қабырғасында емес, табиғат аясында жүзеге асыру болатын.
Іле Алатауын баурайында, Алматы орталығынан 40 минуттық жерде орналасқан бұл демалыс орны — алматылықтардың сүйікті мекені. Теңіз деңгейінен 1650 метр биіктіктегі қылқан жапырақты орман ішіндегі бұл аймақ «Лесная сказка» деген атпен де танымал.
Тау бөктерінде оқушыларды фотоөнер бойынша шеберлік сағаты күтіп тұрды. Оны күнделікті кескінмен жұмыс істейтін, кәсіби деңгейдегі екі маман — Бекжан Байгенжеев пен Тимур Бошаев жүргізді. Бекжан — кинотанушы әрі режиссер, киноның ішкі иірімін, кадрдың не үшін түсірілу керектігін терең түсінетін тұлға. Ал Тимур — нағыз түсірілім алаңында шыңдалған кинооператор. Олар теория мен практиканы ұштастырып, бірі кадр логикасын түсіндірсе, екіншісі оны іс жүзінде көрсетіп берді.
Шеберлік сағаты ешқандай слайдсыз, табиғат аясында өтті. Тау, ағаштар мен табиғи жарық — бұдан артық оқу студиясын елестету мүмкін емес. Оқушылар тыңдап қана қоймай, бірден іске кірісіп, нәтижесін сол жерде көрді.
Шеберлік сағаттан соң қатысушылар арасында байқау ұйымдастырылды. Тапсырма әрі оңай, әрі күрделі болды: тауда мағынасы бар, белгілі бір оқиғаны баяндайтын фото түсіру. Тек әдемі кадр емес, астары бар туынды жасау талап етілді.
Оқушылар қолдарындағы телефондарымен және камераларымен курорт аумағына тарап кетті. Үш күн бойы журналистика туралы дәріс тыңдаған жастар енді өздерін сынап көрді: дұрыс жарық іздеп, ракурс таңдап, оңтайлы сәтті күтті. Көбісі үшін бұл фотосуретті жай ғана бейнелеу емес, ақпарат жеткізу құралы ретінде алғаш рет сезіну еді.
Қатысушылардың арасында бейжай қалғандар болмады. Үш күн ішінде олардың журналистикаға кездейсоқ келмегені байқалды: сұрақ қойып, пікір таластырып, белсенділік танытты. Мұндай байқауларда тек шебер түсіретіндер емес, жаңа дүниені байқап көруден қорықпайтындар жеңіске жетеді.
Марапаттау рәсімі және қорытынды
Таудан оралған соң қатысушылар университетте бас қосты. Мұнда «Медиаэкспедицияның» ресми жабылу салтанаты өтті.

Әрбір қатысушыға арнайы сертификат табысталды. Бұл тек естелік қағаз емес, оның нақты артықшылығы бар: «Медиаэкспедиция» қатысушылары Абылайхан атындағы университетке оқуға түсу кезіндегі шығармашылық емтиханның екінші кезеңінде автоматты түрде толық баллды иеленеді. Демек, осы үш күн олардың студент атану жолындағы алғашқы қадамы болды.

Сонымен қатар, фотохикаялар байқауының жеңімпаздары да анықталып, үздік жұмыстар ерекше атап өтілді. Және арнайы сыйлық табысталды.

Өзгеріс әкелген үш күн
«Медиаэкспедиция» жай ғана университетке саяхат немесе стандартты «ашық есік күні» болған жоқ. Үш күн ішінде оқушылар қаншама жылдық тәжірибесі бар журналисті тыңдады, әлемді мотоциклмен аралап шыққан саяхатшымен тілдесті, кинорежиссер мен оператордан дәріс алды, қаланың тарихи мұражайында болып, тау баурайында кадр іздеді.
Осы жобадан кейін олардың мамандыққа деген көзқарасы өзгергені анық. Манадықтарына деген қызығушылықтары артты, бәрі белсене қатысты. Жобаның негізгі мақсаты да осы еді.

