SteppeNews.kz: АҚШ Қазақстан тәуелсіздік алған сәттен бері ел экономикасының түрлі салаларына жалпы көлемі 100 миллиард доллар инвестиция бағыттады. Бұл туралы АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Джули Стаффт «Jibek Joly» телеарнасына берген сұхбатында мәлімдеп, стратегиялық әріптестіктің жаңа деңгейге көтерілгенін атап өтті.
Дипломаттың айтуынша, қос мемлекет арасындағы дипломатиялық байланыс 35 жыл бұрын АҚШ-тың Қазақстан тәуелсіздігін алғашқылардың бірі болып мойындауынан басталған. Елші бүгінгі таңдағы саяси диалогтың жоғары деңгейін ерекше атап өтті:
— Қазір Қазақстан мен АҚШ-тың қарым-қатынасы ортақ тарихтағы ең жақсы деңгейде. Қос елдің Президенттері осындай арақатынасқа себеп болып отырғаны қуантады, — деді ол.

Ынтымақтастықтың бастапқы кезеңінде басымдық тек бизнес пен экономикаға берілсе, қазіргі байланыстар әлдеқайда ауқымды салаларды қамтып отыр. Джули Стаффт екіжақты қарым-қатынастың тереңдей түскеніне тоқталды:
— 35 жыл бұрын АҚШ Қазақстанның тәуелсіздігін алғаш болып мойындап, өзара дипломатиялық қарым-қатынас басталды. Ол кезде әуелгі ынтымақтастығымыз экономика, бизнес салаларында болды. АҚШ Қазақстанға инвестиция құйды. Ал қазіргі екіжақты әріптестігіміз одан анағұрлым терең. Қауіпсіздік, мәдениет т. б. салаларды қамтиды. Сондай-ақ, Ибраһим келісімі тәрізді әлемдік алаңдарда бірлесіп мәселелерді талқылаймыз.
Сұхбат барысында инвестициялық саясаттың нәтижелері мен алдағы жоспарлары да сөз болды. Қаржы тек шикізат секторына емес, заманауи технологиялар мен инновациялық бағыттарға да бөлінуде:
— Қазақстан тәуелсіздік алғалы АҚШ барлық салада жалпы 100 миллиард доллар инвестиция салды. Бұл — аса ірі қаржы. Инвестиция энергия секторынан бастап, авиация, ЖИ т. б. көптеген бағытқа құйылды. Бұдан әрі де осылай жалғаса беретініне кәміл сенемін, — деп түйіндеді елші.
Америкалық капиталдың қатысуымен жүзеге асып жатқан жобалар Қазақстанның жаһандық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға септігін тигізуде. Ақпарат «Jibek Joly» телеарнасының деректеріне сүйеніп әзірленді.

