STEPPENEWS.KZ: Қытай мен Қазақстан – ежелгі Жібек жолының маңызды бөлігі болған елдер. Тарих бойы сауда, мәдени алмасу дамып, екі халық арасында терең байланыс қалыптасты. Ал цифрландыру дәуірінде бұл байланыс дәстүрлі құрлық жолдарынан онлайн-кеңістікке дейін кеңейді. Шекаралық электронды сауда, мобильді төлемдердің өзара қолданылуы сияқты процестердің дамуы «Цифрлық Жібек жолын» екі елді одан әрі жақындата түсті.
Онда бұл бастама Қазақстан тұрғындарының өміріне қалай әсер етіп жатыр? Қытай мен Қазақстанның жаңғыру үдерістерін түсінуге ол қандай жаңа мүмкіндік береді? Осы сұрақтарға жауап ретінде Еуразиялық халықаралық зерттеулер қауымдастығының атқарушы директоры Қайрат Батырбаев «China News Service» агенттігіне сұхбат беріп, цифрлық серіктестіктің мүмкіндіктері туралы пікір айтты.
– Қытай мен Қазақстан арасындағы цифрлық ынтымақтастықта қандай үрдістер байқалады? Халық қандай өзгерісті сезіне бастады?
Қайрат Батырбаев:
Соңғы жылдары біздің елдер арасындағы цифрлық әріптестік біршама тереңдеп, жүйелі сипат алды. Бұрын ол жекелеген жобалармен шектелсе, қазір байланыс, төлем, логистика, деректер алмасу сияқты кең салаларды қамтып отыр. Яғни ынтымақтастық практикалық өмірге тікелей еніп, экономикалық және әлеуметтік процестерге әсер ете бастады.
Қытайға жиі барғанда осы өзгерістерді анық байқаймын. Шекарааралық онлайн байланыс жеңілдеп, бұрын тек офлайн шешілетін көптеген іс енді цифрлық платформалар арқылы орындалады. Бұл уақытты үнемдеп, шығынды азайтады әрі шағын бизнеске де халықаралық саудаға қатысуға мүмкіндік береді.
Қазақстандықтар үшін ең көзге көрінетін өзгеріс – Қытайдың электронды саудасындағы сервистердің қолжетімділігі. Бұрын күмәнмен қараған онлайн сатып алу бүгінде көпшілікке үйреншікті таңдауға айналды.
Бұл логистиканың жаңаруы мен кедендік рәсімдердің цифрлануының нәтижесі. Қытайдан Қазақстанға жеткізу мерзімі бұрынғы 40–60 күннен 10–20 күнге дейін қысқарды, жедел жіберілімдер 7 күн ішінде де келеді. Процестер ашық әрі жылдамырақ болды, бұл сатып алу тәжірибесін айтарлықтай жақсартты.
Сонымен бірге бұл серіктестік Қазақстандағы кәсіпорындарды да жаңғыртуға итермеледі. Мысалы, «Қазпоштаның» Қытай платформаларымен жұмыс істеуі, «жасыл дәліздердің» енгізілуі, бірыңғай қадағалау жүйесі поштаны сұрыптауды және кеденнен өткізуді едәуір жеделдетті. Бұл еліміздің логистикалық әлеуетін де көтеріп отыр.
– WeChat Pay, Alipay төлемдері Қазақстанда қолданыла бастады. Қазақстандық қосымшалар да Қытайда жұмыс істейді. Мұны қалай бағалайсыз?
Қайрат Батырбаев:
Екі жақты төлем жүйелерінің бірігуі – цифрлық серіктестік жаңа деңгейге өткенінің белгісі. Төлем инфрақұрылымы қауіпсіздік пен сенімді жүйені қажет етеді, сондықтан бұл – екі ел арасындағы сенімнің күшейгенін көрсетеді.
Қазір Қазақстандық мобильді төлем қолданбаларын Қытайда пайдалану мүмкіндігі бар, ал Қытайдың Alipay және WeChat Pay жүйелері Қазақстанда сауда мен қызмет көрсету орындарына еніп жатыр. Шекарааралық төлем – қалыпты өмірдің бір бөлігіне айналуда.
Бұл қарапайым азаматтар үшін – саяхат пен сауданы жеңілдетсе, бизнеске – есеп айырысуды оңайлатып, шығынды азайтады. Мысалы, Қытайға барған қазақстандық кәсіпкерлер қонақүйге төлемді өз елінде қолданатын қосымшамен-ақ жасай алады. Мұндай күнделікті, қарапайым тәжірибе елдер арасындағы арақашықтықты психологиялық тұрғыда да жақындатады.
– Қытай мен Қазақстан цифрлық салада қандай бағыттарда тәжірибе алмаса алады?
Қайрат Батырбаев:
«Ақылды қала» құруда екі елдің де тәжірибесі бар. Бұл ортақ жобаларды дамытуға жақсы негіз.
Технологиялық тұрғыда ең әлеуетті бағыттар – жасанды интеллект және бұлттық есептеулер. Қытай осы салада кең тәжірибе жинаса, Қазақстан деректерді өңдеу орталықтарын дамытып жатыр. Бұл бағытта бірлескен жобалар жасауға мүмкіндік мол.
Қолданбалы салаларда да көп перспективалар бар:
– транспортты басқару,
– білім және тілдік алмасу,
– цифрлық мемлекеттік қызметтер,
– логистика мен сауда,
– ауыл шаруашылығында деректер талдауы мен автоматтандыру.
Мұндай практикалық жобалар ұзақмерзімді серіктестікті нақты іске айналдырады.
– «Цифрлық Жібек жолы» екі елдің жаңғыруын түсінуде жаңа көпірге айнала ала ма?
Қайрат Батырбаев:
Әрине. Бұл бастама елдердегі цифрлық өзгерістерді сырттай емес, тікелей тұрмыстық деңгейде көруге мүмкіндік береді. Саяси келісімдерден бөлек, қарапайым адамдар онлайн сауда, төлем, сервистер арқылы бір-бірінің даму қарқынын өз көзімен байқап отыр.
Әсіресе жастар белсенді. Көптеген жас қазақстандықтар Қытайдың цифрлық өмір салтын көріп, білім алып, жобаларға қатысып, стартаптар жасап жүр. Олар «Цифрлық Жібек жолының» негізгі қатысушыларына, әрі алдағы серіктестіктің қозғаушы күшіне айналуда.
«Цифрлық Жібек жолы» енді тек ұран емес – шынайы күнделікті байланысқа айналды. Алдағы жылдары цифрлық әріптестік тереңдеген сайын, өзара түсіністік пен ынтымақтастық та нығая түсетіні анық.
Сұхбат беруші туралы:
Қайрат Батырбаев – Еуразиялық халықаралық зерттеулер қауымдастығының атқарушы директоры, «Астана» халықаралық университетінің оқытушысы. Еуразия, Орталық және Шығыс Азиядағы сыртқы саясат, Қазақстан–Қытай қарым-қатынастары жөнінде ғылыми жұмыстар авторы.

