STEPPENEWS.KZ: Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Ішкі істер министрлігі республика аумағында «Құқықтық тәртіп», «Шырша» және «Пиротехника» атты жедел алдын алу шараларын жүзеге асыруда.
Аталған іс-шаралар 20 желтоқсан мен 3 қаңтар аралығында өтеді және мереке күндерінің тыныш, қауіпсіз әрі төтенше жағдайларсыз өтуін қамтамасыз етуге бағытталған. Негізгі мақсат — қоғамдық тәртіпті сақтау, құқық бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ жол қауіпсіздігін күшейту.
Әрбір азаматтың жаңа жылды отбасымен, көшеде немесе мерекелік алаңдарда қауіпсіз жағдайда қарсы алуы үшін барлық жағдай жасалуда. Осы мақсатта полиция қызметкерлері өзге де тиісті мекемелермен бірлесіп, көшелерде, аулаларда, сауда орындары мен адам көп шоғырланатын аймақтарда патрульдеуді күшейтті.
Сонымен қатар алдын алу және түсіндіру жұмыстары, әсіресе жасөспірімдер мен жастар арасында жүргізілуде. Жол қозғалысы ережелерінің, көші-қон талаптарының сақталуына бақылау жасалып, алкоголь, есірткі және өзге де тыйым салынған заттардың заңсыз айналымына тосқауыл қойылуда. Жаңа жыл қарсаңында пиротехникалық бұйымдарды дұрыс пайдаланбау салдарынан жарақат алу, өрт және басқа да жазатайым оқиғалар санының арта түсетіні белгілі.
Осыған байланысты полиция өртке қарсы қызметпен бірлесіп, пиротехникалық өнімдердің заңды айналымын бақылау бойынша жыл сайын арнайы рейдтер өткізеді. Биыл төрт мыңнан астам тексеру жүргізіліп, бес жүзге жуық заң бұзушылық анықталды. Нәтижесінде сегіз мыңнан астам сертификатталмаған әрі қауіпті пиротехникалық бұйым тәркіленді.
Пиротехникалық өнімдерді тек ресми әрі арнайы сауда орындарынан сатып алу қажет. Міндетті түрде сәйкестік сертификатының болуын тексеріп, пайдалану нұсқаулығын мұқият оқып, жарамдылық мерзіміне назар аударыңыз.
Мерзімі өткен пиротехниканы қолдануға және балалардың оны ересектердің бақылауынсыз пайдалануына қатаң тыйым салынады. Осы қарапайым ережелерді сақтау — сіздің, жақындарыңыздың және айналаңыздағы адамдардың қауіпсіздігінің кепілі.

