STEPPENEWS: «Руың кім?» фильміне байланысты болған даудан кейін «Tiger Films» кинокомпаниясы кино өндірісін тоқтатты. Бұл туралы студия продюсері Алмат Шадмат ресми түрде мәлімдеді.
Айта кетейік, Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыровтың сынынан кейін «Руың кім?» киносы прокаттан алынған.
Депутат өз сөзінде:
«Бұл не деген бассыздық? Біртұтас мемлекет идеясы қайда? Қазақтың руларын салыстыратын, кемсітетін фильмдердің мақсаты қандай? Ол ұлт үшін ең сезімтал тақырыпты айқайлатып, әлеуметтік контент кино тақырыбына айналдырып көрермен жинау түбі бұл жақсылыққа әкелмейді. Творчестволық бостандық қажет. Бірақ творчестволық бостандық мына алай-дүлей заманда ұлттың бірлігін бұзып, мемлекеттіліктің тамырын қиюға қабілетті деңгейге шықпауы тиіс» деген еді.
Депутаттың пікірінен кейін бірнеше күн өткен соң «Tiger Films» инста парақшасында ресми түрде кино өндірісін тоқтату туралы шешімін жариялады.
«Осы сәттен бастап «Tiger Films» кино түсіру жұмыстарын толығымен тоқтатады. Бұл шешімге әсер еткен негізгі факторлардың бірі біздің фильміміздің «Оскар» сыйлығына жіберілмеуі үшін туындаған жанжал. Сонымен қатар, жекелеген депутаттардың мәлімдемелерінің нәтижесінде «Tiger Films» брендіне айтарлықтай имидждік және репутациялық зиян келді. Бұл жағдай біз үшін соңғы шешімді қабылдауымызға түрткі болды»,- деді продюсер Алмат Шадмат.
Кинокомпания ендігі кезекте қызметтік бағытын өзгертіп кинотехниканы жалға берумен айналысатын болады.

