STEPPENEWSKZ: Шымбұлақ тау шаңғы курорт айлағы Орта Азиядағы қысқы демалыс орны ретінде брендке айналды. Былтырдың өзінде мұнда 1,5 миллионнан астам турист келген.
БАҚ өкілдері үшін «Shymbulak» тау курортында қысқы маусым жұмысы таныстырылды. Баспасөз турында курорттың қызметтік сервисі мен инфрақұрылымдық жүйесі баяндалды. Жаңадан ашылған «Медеу» базалық станциясында сырғанау жабдықтарын жалға беру мен сақтаудың негізгі аймағы орналасқан. Жалға беру қызметінің супервайзері Мүслим Жұмаевтың айтуынша қызмет көрсету «бір терезе» қағидатымен іске асады, ал локерлер саны екі есеге артқан. Атап айтқанда 400 –ден аса адамды бір мезетте қабылдай алады. Ал, бұған дейін шаңғыларды жалға берген «Шымбұлақ» станциясы, кәсіби райдерлерге қызмет көрсетеді. Бұл қарбалас уақытта қызмет көрсетуді жеделдетуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, осы маусымда тау шаңғысы жабдықтары толық жаңартылған.

Комби-2 аймағында жаңадан кафе және дүкен ашылған. «Freedom Telecom» қолдауымен курорттың негізгі станциялары мен аспалы жол бойында тегін Wi-Fi нүктелері де, іске қосылған. 2025–2026 маусымында курортта сервисті цифрлық бақылау жүйесі енгізілді. Қонақтар инфоорталықтарда, тау шаңғысы мен сноуборд мектебінде, сондай-ақ курорттың сайтында орналасқан QR-кодтар арқылы өтініштер мен ұсыныстар қалдыра алады.

Қысқы маусымда мұнда мыңнан астам адам еңбек етеді. Туристік ағын көлік, қонақүй, қоғамдық тамақтану және сауда салаларына сұраныс қалыптастырып, Алматыны Орталық Азиядағы тау туризмінің орталығы ретінде дамытуға ықпал етеді. Алматы қаласы әкімдігі мен Mastercard компаниясының деректеріне сәйкес, 2025 жылдың қаңтар-қараша айлары аралығында шетелдік туристер арасында ең танымал жер – Shymbulak болды (туристердің 30,62%-ы курортқа баруды таңдаған). Басқаша айтар болсақ, Алматыға келген әрбір үшінші шетелдік қонақ Shymbulak курортына барған.

