STEPPENEWS.KZ: Сенат депутаттары құқық бұзушылықтардың алдын алуға арналған заң жобасын және оған байланысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілетін түзетулерді екі оқылымда мақұлдады.
Заңның негізгі жаңалығы – жалға берілетін электр самокаттарды пайдалану ережелерін қатаңдату. Енді жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында электр самокат ресми түрде көлік құралдары тізіміне енгізіледі. Сонымен бірге, оларды жалға беретін заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер үшін міндетті азаматтық-құқықтық сақтандыру енгізіледі.
Сонымен қатар, компаниялар мен кәсіпкерлерге қосымша талаптар қойылады:
- әр электр самокатты есепке алып, тіркеу нөмірін беру және оны құрылғыға орналастыру;
- пайдаланушылардың жеке басын тексеру, жарамды жүргізуші куәлігінің бар-жоғын және көлік басқару құқығынан айырылмағанын анықтау;
- 18 жасқа толмаған, жүргізуші куәлігі жоқ немесе көлік басқару құқығынан айырылған адамдардың электр самокатты пайдалануына және жол қозғалысына шығуына тыйым салу.
Айта кетейік, 2025 жылдың басынан бері Қазақстанда электр самокат қатысқан 372 жол-көлік оқиғасы тіркелген.

