STEPPENEWS.KZ: Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Токио қаласының губернаторы Юрико Коикэмен кездесу барысында цифрландыру, Smart City технологияларын дамыту, қаланы орнықты басқару және жасанды интеллектті енгізу мәселелерін талқылады.
Тараптар мегаполис тұрғындары мен қонақтары үшін қолайлы, экологиялық таза, қауіпсіз әрі инклюзивті қалалық орта қалыптастырудың маңызын атап өтті.
Мемлекет басшысының қатысуымен Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек пен Токио губернаторы Юрико Коикэ Қазақстан мен Жапония астаналары арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Президент қаланы басқару ісіне жасанды интеллектіні енгізу бағытында екі ел астаналары арасындағы ынтымақтастықтың әлеуеті жоғары екенін айтты.
Кездесу аясында Мемлекет басшысына Токио қаласының Smart City тұжырымдамасы таныстырылды. Жоба тұрғындардың өмір сапасын арттыруға, қалалық басқарудың тиімділігін күшейтуге және заманауи технологияларды қолдануға бағытталған.
Сонымен қатар Президент Токио қаласының Төтенше жағдайлар жөніндегі ахуалдық орталығын аралап көрді. Бұл орталық қаладағы жағдайды тәулік бойы бақылап, төтенше жағдай кезінде мемлекеттік органдардың үйлесімді жұмысын қамтамасыз етеді.

