STEPPENEWS.KZ: Қазақстан жаңа жылдық мерекелер қарсаңында Қытай Халық Республикасының туристері арасында көп сұранысқа ие шетелдік бағыттардың топ-7 қатарына кірді. Бұл дерек Қытайдың ірі онлайн-туроператорларының бірі — Tongcheng Travel компаниясы жариялаған «2026 жылғы жаңа жылдық мерекелерге арналған туристік үрдістер» туралы есепте көрсетілген.
Зерттеу нәтижесіне сәйкес, желтоқсан айының басынан жаңа жылдық мерекелерге дейінгі кезеңде Қытайдың ірі қалаларынан Қазақстанға әуе билеттерін брондау саны өткен жылмен салыстырғанда 50 пайыздан астамға артқан. Ал қонақүйлерді брондау көрсеткіші 80 пайыздан жоғары өсім көрсеткен.
Сарапшылар Қытайдың шығу туризмінде Орталық Азия мен Солтүстік Еуропа бағыттарына қызығушылықтың артып келе жатқанын атап өтеді. Осы ретте Қазақстан қысқы демалыс пен белсенді туризм үшін перспективалы бағыт ретінде өз позициясын нығайтып отыр. Қытай туристері арасында ең танымал қалалар — Алматы мен Астана.
Сонымен қатар Tongcheng Travel мамандары Қазақстандағы тау шаңғысы курорттарына сұраныс қараша айының соңынан бастап айтарлықтай артқанын айтады.
Айта кетейік, 2025 жылдың алғашқы 11 айында ҚХР-нан Қазақстанға келген туристер саны 876 мыңнан асты. Ал 2024 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 655 мың адамды құраған. Мұндай өсім Қазақстанға деген қызығушылықтың жоғары екенін, сондай-ақ елімізді Қытай туристік нарығында ілгерілету, визалық рәсімдерді жеңілдету және екі ел арасындағы тікелей әуе қатынастарын кеңейту бағытындағы жүйелі жұмыстың нәтижелі екенін көрсетеді.

