Алматының Бостандық ауданында жастарға арналған алғашқы тәулік бойы жұмыс істейтін комьюнити орталық ашылды. Мұнда жастар білім алып, жұмыс іздеп, цифрлық жобалармен айналысып, контент жасап, шығармашылық қабілеттерін дамыта алады. Жаңа кеңістік «Ұйықтамайтын қала» тұжырымдамасы аясында іске қосылды деп хабарлайды SteppeNews.kz Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасына сілтеме жасай отырып.
Бұған дейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыны тәулік бойы тіршілігі тоқтамайтын қала ретінде дамыту міндетін айқындаған болатын. Бұл бастама мегаполистің тұрғындарына, кәсіпкерлері мен жастарына жаңа мүмкіндіктер ұсынуды көздейді.
Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Кажденбектің айтуынша, орталық жастардың өмір ырғағына сай жұмыс істеуге арналған. Студенттер түнде емтиханға дайындалып, жас кәсіпкерлер стартаптарын дамытып, шығармашылықпен айналысатын жастар жаңа идеяларын жүзеге асыра алады.
Орталық Розыбакиев көшесі, 247/7 мекенжайында орналасқан. Жалпы аумағы 450 шаршы метрді құрайтын үш қабатты кеңістікте білім беру, мансаптық даму, цифрлық технологиялар, шығармашылық және қоғамдық бағыттар қамтылған.
Жұмыс іздеп жүрген жастар түйіндеме әзірлеу, сұхбаттасуға дайындалу және бос жұмыс орындарын табу бойынша көмек ала алады. Қалалық мансап орталығы арқылы жұмыс берушілермен тікелей байланыс орнатуға да мүмкіндік бар. Жобаның серіктестері қатарында HeadHunter, Alatau City Bank, JETI Group және Attractor School бар.
Технологияға қызығатын жастарға арналған Game Dev Zone аймағында компьютерлік ойындар әзірлеу, бағдарламалау, виртуалды кеңістіктер құру және цифрлық дизайн бағыттарын меңгеруге болады. Алдағы уақытта мұнда тәжірибелік сабақтар, хакатондар мен командалық жобалар ұйымдастыру жоспарланған.
Шығармашылықпен айналысатын жастар подкаст жазуға арналған студия мен Media Room бөлмесін пайдалана алады. Бұл кеңістіктерде сұхбат жазып, бейнероликтер түсіруге, әлеуметтік желілерге арналған контент әзірлеуге және кәсіби портфолио қалыптастыруға жағдай жасалған.
Орталықта психологиялық қолдау қызметі де қарастырылған. Жастар маманнан жеке кеңес алып, өзін-өзі тану мен кәсіби дамуға қатысты мәселелер бойынша көмек сұрай алады.
Бұдан бөлек, мұнда ашық дәрістер мен пікірталастарға арналған амфитеатр, бірлесіп жұмыс істеуге арналған коворкинг және бейресми кездесулер өткізуге болатын Kitchen Room кеңістігі бар.
Жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Кажденбек жаңа орталықтың міндеті тек кездесулер мен сабақтарға орын ұсынумен шектелмейтінін атап өтті. Оның сөзінше, мұнда жастар өз идеяларын дамытып, команда құрып, кәсіби дағдыларын жетілдіріп, жұмысқа орналасу немесе жеке кәсібін бастау жолындағы алғашқы қадамдарын жасай алады.
Алматыда студенттер, жас мамандар, кәсіпкерлер мен креативті индустрия өкілдері үшін ашылған бұл кеңістік тәуліктің кез келген уақытында білім алуға, жұмыс істеуге және жаңа жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Келесі материал: Хьюстонда Қазақстанның Республика күні аталып өтті
