Үкімет 2024 жылғы су тасқыны кезінде бүлінген бөгетті қайта жөндеу үшін 1,4 млрд теңге жұмсайтын болды.
«Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданы Тепличное ауылындағы қорғаныс бөгетін реконструкциялауға Үкімет резервінен шамамен 1,4 млрд теңге бөлінді. Тиісті қаулыға премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды», — деп хабарлайды үкімет.
Бұл қаражат бөгетті жөндеуден бөлек, маңайдағы жолдарды жаңарту және айналасын абаттандыруға жұмсалады.
«Үкімет елді мекендерді су тасқынынан қорғау жұмыстарын жүргізуде. Су ресурстары және ирригация министрлігінің деректері бойынша алты өңірде – Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында гидротехникалық құрылыстарды қалпына келтіру және салу бойынша 57 жоба, оның ішінде 13 жаңа нысан құрылысы жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда 57 нысанның 40-ы аяқталды, 221 шақырым қорғаныс бөгеттері салынып, нығайтылды, бұл жұмыстың 91% құрайды», — деп хабарлайды үкімет.

