Бүгін Астана қаласы Байқоңыр ауданы Шолпан Иманбаева көшесіндегі биік үйдің 15-қабатында бір бойжеткен өмірмен қош айтыспақ болды. Абырой болғанда, құтқарушылар көрші пәтердің терезесі арқылы қызды аман алып қалды.
«Астананың төтенше жағдайлар қызметінің жедел нөміріне телефон шалған тұрғындар жас қыз 15-қабаттан секіргелі жатыр деген хабар берген. Құтқарушылар оқиға орнына дереу жетіп, жедел әрекетке көшкен. Көрші пәтердің терезесіне шыққан құтқарушы қызды ұстап үлгеріп, құтқарды», — деп хабарлайды ТЖД.
Құтқарушылардың жанқиярлығының арқасында 1999 жылы туған қыз аман қалды. Бұл оқиғаның видеосы қазір әлеуметтік желіде көп таралып жатыр.
Тұрғын үй аумағында жүрген адамдардың бәрі оқиға орнына жиналып, жан-жақтан видеоға түсірген. Құтқарушылар қызды терезеден пәтерге кіргізген кезде жерде тұрған халық оларға ду қол шапалақтаған.

