Канаданың Монреаль қаласында мемлекеттер делегациялары басшыларының шешімімен Әкімшілік комиссиясының төрағасы болып ИКАО-дағы Колумбияның Тұрақты өкілі Маурисио Рамирес Коппель тағайындалды.
Төраға орынбасарлары қызметіне Азаматтық авиацияның бас директоры Сьерра-Леоне Мусайеро Барри, ИКАО Кеңесіндегі Үндістан өкілі Ангшумали Растоги және ҚР КМ Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиева сайланды. Бұл лауазымды алғаш рет Орталық Азия өкілі иеленіп отыр.
Әкімшілік комиссиясының отырыстарының ашылуына ICAO Кеңесінің Президенті Сальваторе Шаккитано және ИКАО бас хатшысы Хуан Карлос Саласар қатысты.
Әкімшілік комиссия 3 жылдық бюджетті, қаржылық мәселелерді, сыртқы аудиторды тағайындауды, сондай-ақ адами ресурстарды басқару, гендерлік теңдік және басқа да мәселелерді қарастырды.
ИКАО Кеңесінің Президенті Сальваторе Шаккитано ұсынылған бюджет жобасы ұйымның ұзақ мерзімді тұрақтылығын нығайтып, халықаралық авиацияның қауіпсіз әрі тұрақты дамуына бағытталған басым бастамаларды іске асыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Қазақстан авиация саласындағы гендерлік теңдікке қатысты екі құжат ұсынды. Салтанат Томпиева ИКАО Ассамблеясының ресми номинациясын – «Авиацияны қалыптастыратын әйелдер» атты бастаманы жария етті. Бұл номинация әр Ассамблея сессиясында үш маманға табысталып, мойындау сертификатымен қоса берілмек. Номинанттар аэронавигация, қауіпсіздікті бақылау, авиациялық медицина, инженерия, пайдалану және басқа да салаларды таныстырады. Бұл номинация Ұйымнан қаржылық шығынды талап етпейді, алайда мамандарды ынталандыруға және жаңа буынды авиацияда мансап құруға ынталандыруға бағытталған.
Қазақстан бастамасы Қытай, Канада, Оңтүстік Африка, Перу, Корея Республикасы, Жапония, сондай-ақ ACI және IFALPA халықаралық ұйымдары және басқалары тарапынан алдын ала қолдау тапты.
Маурисио Рамирес Коппель Комиссияның номинацияны енгізу жөніндегі ұсынысты құптайтынын айтты. Франция өкілі номинанттарды анықтау әдістемесін ИКАО Кеңесінде қарастыруды ұсынды. Қорытынды қарарды комиссия 29 қыркүйекте қабылдайды.
Айта кетелік Ержан Ашықбаев қызметінен босатылғаны туралы жазған едік.