Петропавлда бір жылдан артық «Дәрігерлер үйіне» қатысты дау басылмай келеді. Былтыр бірнеше дәрігер қызметтік пәтерді босату жөнінде ескерту алды.
Жекешелендіріп алуды ойлап жүрген мамандарға бұл күтпеген жайт болды. Жақында сот Солтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының талап арызын қанағаттандырды, енді дәрігерлер бұл пәтерлерді бостаулары тиіс.
Басқарманың мәліметінше, «Дәрігерлер үйі» уақытша баспана, яғни әлеуметтік қолдау ретінде ғана беріледі. Алайда кей медициналық қызметкерлер онда он жылдан артық тұрған.
— Тұрғын үйді уақытша пайдалану туралы келісімшарттың мерзімі аяқталуына байланысты, дәрігерлерге пәтерлерді босату туралы ескерту берілген. Алайда тұрғындар өз еркімен көшуден бас тартты. Осыған байланысты, басқарма жас мамандар мен облысқа жаңадан келген дәрігерлерге пәтерлерді беру қажеттігін ескере отырып, оларды шығаруға қатысты талап арызды сотқа жолдады.
Жақында бұл мәселе сотта қаралды. Тараптардың уәждерін тыңдаған сот, дәрігерлерді шығару туралы талап арызды қанағаттандырды. Шешім заңды күшіне 30 күнтізбелік күн өткен соң енеді. Бұл аралықта жауапкерлердің апелляциялық шағым түсіруге құқығы бар, — дейді СҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәкен Әмрин.
Бастапқыда, басқарманың талаптарына сәйкес, «Дәрігерлер үйінен» 9 медицина қызметкерін шығару көзделген. Алайда, сот процесі кезінде олардың үшеуі өз еркімен баспананы босатқан.
— «Дәрігерлер үйінде» 5 жыл уақытша тұруға болады. Бұл — жас мамандарға әлеуметтік көмек көрсету тетігі. Осы уақыт ішінде дәрігерлер жеке тұрғын үйге қаражат жинақтауы тиіс. Бірнеше қызметкерге ғана баспананы тұрақты түрде тұруға беру — тең қолжетімділікті шектейді.
Бұл — облысқа келген барлық жас дәрігер үшін тең мүмкіндік жасау мақсатында қабылданған шешім. Пәтерлер тек уақытша әлеуметтік көмек ретінде беріледі. Басқа жағдайда — қолдаудың ашық әрі әділ болу механизмін бұзамыз, — деді Сәкен Әмрин.
Бұған дейін медицина қызметкерлеріне қандай қолдау көрсетіліп отырғанын жазған едік.