— Жастар бұл науқанды осыдан үш жыл бұрын бастаған. Бастама бүгінде нашақорлық пен есірткі қылмыстарына қарсы күрестің басты бағыттарының біріне айналды. Нәтижесі де жаман емес. «Есіркіге жол жоқ» акциясында біз нақты 20 аймақта наркографиттилерді бояумен айналысамыз. Ол жерде белсенділеріміз осы күнге дейін 12 мыңнан астам графитилерді бояп шықты. Қабырғалардағы бұл жазулар есірткі сататын Телеграм арналарды жарнамалағандықтан, алдымен соларды жою керек деп есептейміз. Бұдан бөлек, жастарды қолдау кеңесі де құрылды. Ол жерде арнайы дайындалған мамандар түсіндіру жұмыстарын жүргізумен айналысады, — деді аталған ұйым төрағасы Ақерке Искандерова «Jibek Joly» арнасындағы «БүгінLive» бағдарламасында.
Оның айтуынша, қызмет барысында түрлі келеңсіздіктер де кездесіп тұрады екен.
– Біздің еріктілер наркографитилерді бояу кезінде «закладка» тауып алды. Мұндай жағдай алғаш рет болып тұрғандықтан, жастар не істерін білмей абдырап қалды. Кейін мамандармен ақылдаса келе мұндай жағдайда не істеу керектігі туралы алгоритм жасап шықтық, — деді ұйым басшысы.
Ақерке Искандерова есірткімен күрес жұмыстары цифрландырылып жатқанын да атап өтті.
— «Жастар рухы» ЖҚ екі жыл бұрын Astana hab-пен бірлесіп, республикалық хакатон өткізген болатын. Ол жерде жастар төңірегіндегі түйіткілді түйіндер талқыланды. Жиын шеңберінде ІТ саласының үздіктері есірткімен күрес жұмыстарына ЖИ енгізу туралы ұсыныстарын да айтқан. Бүгінде бұл ІТ шешімдер қолданысқа енгізілді, — деді ол.
Айта кетейік, Астанада есірткі таратқан қыз 10 жылға сотталды.