Астаналықтар 40-тан астам түрлі азық-түлік өнімдерін сатып ала алады. Оның ішінде 13 тонна ет пен құс еті, 25 тонна көкөніс пен жеміс-жидек, сондай-ақ 21 тонна картоп пен табиғи өнімдер бар. Жәрмеңкедегі бағалар нарықтағыдан шамамен 15%-ға төмен болады.
Алматы облысы әкімінің орынбасары Бақытнұр Бақытұлының айтуынша, өңірлер жыл сайын жәрмеңкеге қатысып, елорда тұрғындарына өз өнімдерін ұсынады.
— Биыл біз негізгі басымдықты алма мен ет өнімдеріне бердік, сонымен қатар сүт өнімдерін де алып келдік. Бұл — біздің облыстың ерекшелігі, — деді ол.
Барлық жүк көліктері міндетті техникалық тексерістен өтті. Тасымалдау кезінде санитарлық талаптар мен қауіпсіздік шаралары толық сақталды.
Жалпы елордадағы жәрмеңкеде Алматы, Жетісу және Маңғыстау облыстарының шаруалары 350 тоннаға жуық өнім ұсынады.