Оның айтуынша, құзырлы органдарға цифрландыру жұмыстарын еселеу тапсырылғаннан кейін кеден қызметінде бірқатар жобалар жүзеге асырыла бастады.
– Қазақстан-Қытай экономикалық ынтымақтастығын нығайту шеңберінде «Бақты (ҚР) – Покиту (ҚХР)» шекаралық өткізу пунктінде «ақылды кеден» қанатқақты жобасы қолға алынды. Оның маңызды элементтерінің бірі – кедендік логистиканың тиімділігін арттырып, цифрландыруға бағытталған автономды (пилотсыз) жүк тасымалдарын енгізу. «Ақылды кеден» шекарадан жылдам әрі жайлы өтуге септесетін заманауи шешімдерді қамтиды. Жүктер шекарадан жүргізушісіз автоматты түрде тасымалданады, – деді Ерлан Хасенов.
Оның айтуынша, екі ел бірлесіп растайтын бірыңғай электронды декларация енгізу жоспарланған. Құжаттарды рәсімдеу мен жүктерді алып жүру толықтай цифрлы форматқа көшіріледі.
– Бұл бастама табысты іске асса, жүктер тәулік бойы автоматты навигация мен бақылау жүйелері арқылы жөнелтіледі. Нәтижесінде жүк көлемі жылына 10 млн тоннаға дейін артып, кедендік рәсімдеу уақыты қысқарады. Логистикалық операциялардың ашықтығы мен қауіпсіздігі артып, автомобиль инфрақұрылымына түсетін жүктеме азаяды. Бұл өз кезегінде жаңа логистикалық хабтарды дамытуға жол ашады, – деді ол.
Спикердің айтуынша, аталған жоба шекарадағы инфрақұрылымды жаңғыртып қана қоймай, жұмыс орындарын ашуға және инвестициялар тартуға оң әсер етеді. Сонымен қатар Қытаймен сауданы ұлғайтып, Қазақстанның Орталық Азиядағы маңызды транзиттік орталық ретіндегі рөлін нығайтады.
– Бұдан бөлек, еліміздің кеден бекеттерін жаңғырту жұмыстары жалғасуда. 2025 жылдың басынан бері 4 өткізу пункті («Қалжат», «Алакөл», «Қапланбек» және «Атамекен») іске қосылды. Жыл соңына дейін тағы 5 өткізу пункті («Қазығұрт», «Тәжен», «Темір баба», «Майқапшағай» және «Бақты») жаңғыртылады. Жаңа пункттерде шекараны жайлы әрі қауіпсіз өту үшін барлық жағдай жасалған, – деді Ерлан Хасенов.
Сонымен қатар ол Қаржы министрлігінің өткізу пункттерін жаңғыртумен қатар, кедендік рәсімдерді цифрландыру мен автоматтандыруды кезең-кезеңімен іске асырып келе жатқанын атап өтті.
– 2023 жылдан бастап ЕАЭО сыртқы шекарасының барлық автомобиль өткізу пунктінде CarGoRuqsat электронды кезек жүйесі енгізілді. Бұл республикалық маңызы бар автожолдардағы көліктердің кептелісін болдырмай, жүк тасымалы процесінің ашықтығы мен тиімділігін арттыруға ықпал етті, – деді сарапшы.
Ерлан Хасеновтің айтуынша, қабылданып жатқан шаралардың барлығы елдің транзиттік әлеуетін нығайтуға, экономиканы әртараптандыруға және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған.
– Президентіміз белгілеген мақсат-міндеттерді орындауға қашанда дайынбыз. Көздегеніміз – адамға бағдарланған қызметті дамытып, отандастарымыздың өмір сүру сапасын арттыру, – деді Digital Silk Road Company директоры.
Айта кетейік, кеден бекеттеріндегі камералар Астанадағы мониторинг орталығына тікелей қосылады.