Қысы қытымыр, жазы аптап Астанада ол күн сайын таңертең ерте жұмысқа кірісіп, он сағаттық ауысым бойы көшелерді тазалауға атсалысады. Қыста қар күреп, жазда шаң-тозаңды тазалау – оның күнделікті еңбегі.
– Қыстыгүні қар күрейміз, жаздыгүні сыпырамыз, шаң сорамыз. Сағат 10-да басталса, түнгі 10-ға дейін жұмыс істеймін. Өзіме ұнайды, шаң сорғанда артыма қарап, тазалықты көріп қуанамын. Қаланың таза болғаны жақсы ғой, – деді Марат Жекенов.

Жүргізушінің еңбек жолы құрметке лайық. Дегенмен көпшілікті таңғалдырғаны – оның қолөнерге деген ынтасы. Ол аламан құрақ тігетін шебер атанған. Бұл өнерге алғаш жұбайы әуестеніп, немерелеріне жасау тігіп беруді мақсат еткен.
Кейіннен бұл қызығушылық тұтас бір отбасылық кәсіпке айналды.
– Мен осы тігінмен айналысқаныма 5-6 жыл болды. Күнде менің жұмысымды көріп, ол кісі де қызығушылық танытты, – дейді жары Жеңісхан Долдабекқызы.

Марат Жекенов жұбайына көмектесіп жүріп, өзі де тігін тіге бастаған.
– Кемпіріме көмектесіп жүріп, үйреніп алдым. Үйге жұмыстан келгенде машина дырылдап тұрады. Бұл кісі жұмыс істеп жатады, мен де бос отырмайын деп жәрдемдесемін. Содан үйреніп кеттім. Шаңсорғыш көлік кешке дейін дырылдап тұрады ғой, ал тігін машинасы тыныштау. Маған тыныштық сыйлайды, – деді ол.

Әріптестері бастапқыда оның өнеріне таңғалған. Қазір тіпті тапсырыс беретіндері де бар.
– Алғаш тіге бастағанда әріптестерім таңқалды. «Бірге жұмыс істейміз, қашан үлгересің?» дейтін. Үйге барған соң бір сағат тігін машинасында отырып, демалатынмын.
Қазір енді өздері тапсырыс береді, – дейді ол.
Зейнет жасына бір-ақ жыл қалған еңбек адамы алдағы уақытта сүйікті ісін кәсіпке айналдыруды жоспарлап отыр. Арманы – кішігірім отбасылық тігін цехын ашу.
Айта кетейік, жақында қазақстандық шеберлер құрақ көрпе тігуден әлемдік рекорд орнатты.