Елдегі бастауыш мектептердегі оқушылардың жалпы саны 2018–2019 оқу жылында шамамен 4,51 миллионға жетіп, ең жоғары көрсеткішке ие болған. Содан бері бұл көрсеткіш шамамен 2%-ға азайған, ал алдағы бес жылда тағы 4,1%-ға төмендеуі мүмкін.
Білім саясаты институтының зерттеуіне сәйкес, бастауыш сынып оқушылары санының азаюы, негізінен, туу деңгейінің төмендеуімен байланысты. Бұл көрсеткіш 2000 жылдар басындағы «бэби-бумнан» кейін 2012 жылдан бері төмендеп келеді.
Мәселе әсіресе Лондонда өзекті болып отыр. Бұл қалада оқушылар санының азаюына астанадан көшіп кетушілер санының артуы және ата-аналардың балаларын мемлекеттік мектептерден жеке меншік мектептерге ауыстыруы әсер еткен.
Оқушылар санының азаюы мемлекеттік мектептер үшін үлкен қиындық туғызып отыр, себебі олардың қаржыландыру жүйесі негізінен «бір оқушы — бір қаржы» қағидасына сүйенеді. Бюджеттің қысқаруы мектептердің мұғалімдер құрамын ұстап қалуын және күнделікті шығындарын жабуын қиындатады.
Салдарынан оқушы саны азайған мектептер қаржылық қысымға ұшырап, жабылуға мәжбүр болуда. Мысалы, тек Лондонда соңғы 5 жылда 23 бастауыш мектеп жабылған.
Ұлыбританияда балалар 5 жастан 11 жасқа дейін бастауыш мектепте оқиды, мұнда олар оқу, жазу, математика және басқа пәндердің негіздерін меңгереді. Кейін олар орта мектепке ауысады, бұл мектептер жиі бөлек ғимаратта орналасқан және оқушылар емтихандар мен болашақ білімге дайындықты сол жерде жалғастырады.
Болжам бойынша, онжылдық соңына қарай бастауыш мектептерде 4,24 миллион оқушы ғана қалады, бұл 180 мың балаға аз. The Guardian газетінің есебінше, бұл — 800 мемлекеттік бастауыш мектептің жабылуына тең көрсеткіш.
Жалпы алғанда, Білім саясаты институты 2030 жылға қарай Ұлыбританияда бастауыш және орта мектептерді қоса алғанда, мемлекеттік мектептердегі оқушылар саны қазіргімен салыстырғанда шамамен 400 мыңға азаяды деп болжайды.
Еске сала кетейік, бұған дейін елімізде дарынды балаларды қолдауға арналған жаңа жобалар жүзеге асырылатынын жазған едік.