Палестина президенті Махмұд Аббас бейсенбі күні Бас Ассамблеяға жасаған үндеуінде Палестина ұлттық әкімшілігі (ПҰӘ) Газа секторын басқару мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша толық жауапкершілікті өз мойнына алуға дайын екенін, бірақ болашақта оқшау аймақты басқаруға ХАМАС-тың қатысы болмайтынын мәлімдеді.
Аббас өз сөзін бейнебайланыс арқылы айтты, себебі АҚШ билігі оған және делегациясына Бас Ассамблея отырысына қатысуға виза беруден бас тартқан.
Оның айтуынша, Газа секторында билікті беру процесі «бір мемлекет, бір заң және бір заңды қауіпсіздік күші» қағидатымен жүзеге асырылуы тиіс.
— Біз қарулы мемлекет құруды қаламаймыз, – деп атап өтті Аббас.
Палестина басшысы 2023 жылғы 7 қазандағы ХАМАС-тың әрекеттерін, оның ішінде бейбіт тұрғындарға шабуылдар мен адамдарды кепілге алуды еске салып, олардың «Палестина халқы мен оның тәуелсіздікке деген әділ күресін білдірмегенін» айтты. Ол Газа секторы болашақ Палестина мемлекетінің ажырамас бөлігі болып табылатынын тағы да нақтылады.
Аббас өз үндеуінде соғысты дереу тоқтатуды, Газаға гуманитарлық көмекті кедергісіз жеткізуді, барлық тұтқындар мен кепілдегілерді босатуды, сондай-ақ оқшау аймақтан Израиль әскерін толық шығаруды талап етті.
Оның айтуынша, ПҰӘ уақытша өтпелі органды басқаруға дайын, ол БҰҰ қамқорлығымен және араб пен халықаралық серіктестердің қолдауымен жұмыс істейтін болады. Бұл Газа секторын Батыс жағалаумен біртұтас әкімшілік аясында біріктіруге мүмкіндік береді.
Палестина президенті сондай-ақ халықаралық қауымдастықты палестиналық халыққа көрсетіліп жатқан қолдауды антисемитизммен шатастырмауға шақырды.
— Біз палестиналық мәселеге қолдау көрсету мен антисемитизмді араластырмауды талап етеміз. Бұл біздің қағидаттарымыз бен құндылықтарымызға қайшы, – деді ол.
Аббас Палестинаны жуырда мойындаған мемлекеттерге ризашылығын білдіріп, ПҰӘ-нің АҚШ президенті Дональд Трамппен, Сауд Арабиясымен, Франциямен және БҰҰ-мен 22 қыркүйекте өткен «екі мемлекет» негізіндегі шешімді қолдаған конференцияда бекітілген бейбіт жоспарды жүзеге асыруға дайын екенін атап өтті.
Сөзін қорытындылай келе, ол палестиналық халық қираулар мен құрбандарға қарамастан, «өз жерінде тамырын жайып қала беретінін және қирандылардан қайта тұрып, болашақты құратынын» жеткізді.
Айта кетейік, Палестинаны мойындаған елдердің саны 160-қа жуықтады.