Іс-шара барысында Алматы әкімінің орынбасары Алмасхан Сматлаев Мемлекет басшысының жасыл желекке қатысты тапсырмасын қалай жүзеге асып жатқанын айтты.
— 2030 жылға дейін Алматыда 2,5 млн ағаш отырғызу жоспарланған. Әсіресе, 4-6 метрлік ірі ағаштарға басымдық беріледі. Олар тез жерсініп қана қоймай, қалаға бірден сән береді, – деді ол.
Алмасхан Сматлаевтың айтуынша, биыл көктемде Алматыда 2 мыңнан астам ірі көшет отырғызылды. Ал күзде тағы 13 мың ағаш егу көзделіп отыр. Бұл көшеттердің барлығы Бас ботаникалық бақ пен Аграрлық университет мамандарының кеңесімен таңдалған.
— Жалпы 68 мың гектар аумақтың 25 мың гектардан астамын жасыл желек алып жатыр. Бір адамға шаққанда көгалдандыру деңгейі 13 шаршы метрден асады. Біз бұл көрсеткішті одан әрі арттыруға күш салып отырмыз, – деді ол.
Еске салайық, бұған дейін Экология министрі 2 млрд ағаш егу тапсырмасы неге орындалмағанын айтты.