Желі қолданушыларының жазуынша, балық инспекциясы қызметкерлері қуғындаған қайықтағы ер адамның жағдайы күрт нашарлап, есінен танып, кейіннен қайтыс болғаны айтылған.
Аталған жайтқа байланысты Kazinform агенттігі ресми органдарға сұрау жолдады. Оқиғаға қатысты ресми мәліметті Исатай ауданының прокуратурасы ұсынды.
– 2025 жылғы 9 қыркүйекте Каспий теңізінде Исатай ауданы Зинеден ауылы маңында балық инспекциясы қызметкерлері қайықты тексеру барысында оның жүргізушісі есінен танып, кейін қайтыс болған. 10 қыркүйек күні Исатай аудандық полиция бөлімі аталған факті бойынша кісі өлімі дерегімен сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады. Мәйітке сот-медициналық сараптама тағайындалды. Өзге мәліметтер Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 201-бабына сәйкес жария етуге жатпайды, – делінген Исатай ауданы прокуратурасының ресми хабарламасында.
Бұған дейін Атырауда браконьерлер Жайық өзенінің Каспий теңізінен құяр сағасынан заңсыз балық аулаған. Рейд кезінде олар мотоциклін тастап қашып кеткенін жазғанбыз.