Зерттеушілер Meta компаниясына тиесілі бұл әлеуметтік желі кейбір жағдайда балаларды «ересектер тарапынан айқын сексуалдық сипаттағы пікірлер алған контентті жариялауға итермелегенін» де мәлімдеді.
Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған ұйымдар мен киберқауіпсіздік саласындағы зерттеушілер жүргізген тест нәтижесінде Instagram-дағы жасөспірімдерге арналған 47 қауіпсіздік құралының 30-ы «айтарлықтай тиімсіз» немесе мүлде қолданыстан шыққан болып шықты.
Meta компаниясы зерттеу нәтижелерімен келіспейтінін білдіріп, өзінің қауіпсіздік шаралары жасөспірімдердің зиянды контентті аз көруіне ықпал еткенін алға тартты.
Компания 2024 жылы Instagram желісінде жасөспірімдерге арналған аккаунттар енгізіп, бұл жаңалық жастарды жақсырақ қорғауға және ата-аналарға олардың әрекеттерін бақылауға мүмкіндік береді деп мәлімдеген болатын.
2025 жылы мұндай функциялар Facebook және Messenger платформаларына да енгізілді.
Жасөспірімдердің қауіпсіздігіне бағытталған осы зерттеу Cybersecurity for Democracy америкалық ғылыми орталығы мен Molly Rose Foundation сияқты балалар құқығын қорғау ұйымдарының тапсырысы бойынша Артуро Бехар есімді бұрынғы Meta қызметкерінің қатысуымен жүргізілді.
Зерттеу авторлары жалған жасөспірім аккаунттарын жасап, қауіпсіздік құралдарын тексеру барысында бірқатар маңызды кемшіліктерді анықтады. 47 құралдың ішінен 30-ы тиімсіз немесе мүлде жойылған болса, тағы тоғыз құралдың тиімділігі шектеулі болған.
Ғалымдардың айтуынша, тек сегіз қауіпсіздік құралы ғана нақты жұмыс істеген. Алайда бұл көрсеткіш Instagram-ның жасөспірімдерге арналған контент саясатына қайшы келетін жазбалардың әлі де көрсетіліп отырғанын білдіреді. Атап айтқанда, бұған «қорлаушы сексуалдық сипаттағы әрекеттерді» сипаттайтын посттар мен өз-өзіне қол жұмсау, өзін-өзі зақымдау немесе тамақтану бұзылыстарын насихаттайтын іздеу сұраныстарының автоматты түрде толықтырылуы жатады.
Айта кетейік, Германияда 16 жасқа дейінгі балаларға TikTok пен Instagram-ға тыйым салу ұсынылды.