Трамп мәлімдемесі
АҚШ президенті Дональд Трамп жуырдағы брифингінде жүкті әйелдерге ацетаминофенді (АҚШ-та – Тайленол, басқа елдерде – парацетамол) қолдануды шектеу туралы ұсыныс жасады. Оның пікірінше, бұл дәрі балаларда аутизмнің пайда болу қаупін арттыруы мүмкін.
Сонымен қатар, Дональд Трамп аутизм көрсеткіштерінің өсуі туралы статистикалық деректер келтірді. Ол 20 жыл бұрын аутизм диагнозы тек 10 мыңнан бір балада тіркелсе, қазіргі таңда әрбір 12-ші балада байқалатынын айтты.
Парацетамол — жүктілік кезінде ішуге болатын жалғыз дәрі
Парацетамол немесе ацетаминофен — ауруды басатын және дене температурасын төмендететін дәрі. АҚШ-та ол «Тайленол» деген атаумен танымал.

Парацетамолдың жанама әсерлері көбіне ұзақ мерзімді немесе үлкен дозада қолданғанда байқалады. Бірақ аз мөлшерде ол жүктілік кезінде қауіпсіз деп есептеледі. Ибупрофен немесе аспиринмен салыстырғанда, парацетамол жүкті әйелдер үшін тиімді әрі қауіпсіз болып саналады.
ДДСҰ жауап берді
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) парацетамолдың аутизм қаупін тудыруы туралы мифті жоққа шығарды. Сарапшылардың айтуынша, қазіргі уақытта мұндай тәуелділікті растайтын сенімді ғылыми дәлелдер жоқ.
Аутизм әлемде 62 миллионнан астам адамда кездеседі, бірақ оның нақты себептері белгісіз және көп факторлық сипатта. Соңғы жылдардағы зерттеулер, соның ішінде ірі халықаралық жұмыстар, парацетамолдың жүкті әйелдерде қолданылуы мен аутизмнің дамуы арасында тікелей байланысты көрсетпеді.

— Дәлелдер әлі де қайшылық тудырады. Біз вакцина аутизм тудырмайтынын білеміз. Вакциналар, мен бұған дейін айтып өткенімдей, қаншама адамның өмірін сақтайды. Сондықтан бұл ғылыми дәлелденген және мұндай нәрселерге күмәнданбау керек, — деді ДДСҰ өкілі Тарик Яшаревич Женевада өткен баспасөз мәслихатында жүктілік кезінде парацетамолды қолдану мен аутизм арасындағы байланыс туралы сұраққа жауап бере отырып.
Сарапшылар не дейді?
Нейробиология саласындағы зерттеуші, McGill университетінің докторанты Нариман Амантаев парацетамол мен аутизм арасындағы байланыс туралы Трамптың мәлімдемесін ғылыми тұрғыдан негізсіз әрі логикаға сыймайды деп санайды.
— Аутизм алғаш рет 1940 жылдары сипатталған, ал парацетамол 1955 жылы пайда болды. Жаппай вакцинация 1971 жылы басталды. Сондықтан парацетамол мен аутизм арасындағы тікелей байланыс болуы мүмкін емес. Мен вакциналарды мысалға қостым, өйткені бұған дейін Трамп оларды аутизм тудырады деп айтқан еді, бірақ кейін пікірін өзгертті, — деді сарапшы.
Нариман Амантаев ең ірі зерттеулердің бірі шамамен 2,5 миллион адамды қамтып, парацетамолдың аутизм, СДВГ немесе интеллекттің төмендеуімен байланысы жоқ екенін көрсетті деп атап өтті. Кейінгі Азиядағы зерттеу 220 мың адамның деректерін талдап, осы нәтижені толық растады.
Ғалым не себепті кейбір зерттеулерге қарап отырып парацетамол мен аутизм арасында байланыс бар сияқты көрінетінін түсіндірді.
— Кейде кейбір мақалаларды оқып отырып, парацетамол мен аутизмнің байланысы бар сияқты көрінеді, бірақ онда басқа маңызды факторлар ескерілмейді. Мысалы, парацетамолды жиі қолданған жүкті әйелдердің жалпы денсаулығы нашар болуы мүмкін, — деді сарапшы.
Осы бағытта жаңа зерттеу жүргізілді. Мысалы, бір анадан туған ағайынды балалардың біреуіне анасы жүкті кезінде парацетамол ішкен, ал екіншісіне қолданбаған. Олардың генетикасы бірдей, өмір жағдайлары ортақ. Осы зерттеуден парацетамол мен аутизм арасындағы байланыс жоқ екені расталды.
Сарапшының айтуынша, қазіргі ғылыми қауымдастық Трамптың мәлімдемесін негізсіз деп санайды. Ұлыбритания, Австралия, Еуропалық дәрі-дәрмек агенттігі және ДДСҰ парацетамолдың жүкті әйелдер үшін қауіпсіз екенін растайды. Тіпті дәріні қажет кезінде ішпеу, әсіресе жоғары температураны немесе ауырсынуды емдемеу, ана мен балаға қауіпті болуы мүмкін.
— Қазіргі ғылыми деректер парацетамолдың аутизмге әсері жоқ екенін көрсетеді. Бұл – миф пен жалған ақпарат. Дәрігердің нұсқауымен қолданылғанда парацетамол жүкті әйелдер үшін қауіпсіз әрі қажетті дәрі, — деді ол.
Гинеколог пікірі
Медицина ғылымының кандидаты, акушер-гинеколог Жұпар Наханова да жүкті әйелдер үшін парацетамол қолдану қауіпсіз екенін айтады:
— Жүктілік кезінде дене қызуы көтерілген жағдайда бір рет парацетамол беруге болады. Бұл препарат ауру сезімін басады және жоғары температураны төмендетеді, — дейді маман.

Ол парацетамолдың аутизм тудырады дегенге қатысты нақты ғылыми дәлел жоқ екенін атап өтті.
— Парацетамол дәріханаларда рецептсіз сатылады, бірақ белгіленген дозадан аспау қажет, — дейді акушер-гинеколог.
Ата-аналар бұл ақпаратты қалай қабылдайды?
«Асыл Мирас» аутизм орталығының тренері Жанна Үмбетова ата-аналардың ақпаратқа деген реакциясын түсіндірді.
— Біздің орталыққа келетін ата-аналар өз балаларының денсаулығына өте алаңдайды. Сондықтан олар халықаралық жаңалықтар мен ғылыми зерттеулерге қатысты сұрақтарды жиі қояды. Ата-аналар аутизмнің шығу себептері, түрлі аңыздар мен дәрі-дәрмектердің ықпалы туралы мәліметтерге қызығушылық танытады. Біз әрқашан сенімді ғылыми деректерге сүйеніп жауап береміз, — дейді маман.

Маманның айтуынша, жалған ақпараттар ата-аналардың көңілінде күдік тудырып, психологиялық қысымды арттырады. Кейбірі өздерін кінәлі сезініп, болашақта дұрыс шешім қабылдауда сенімсіздікке душар болады.
— Әрине, заманауи ғылым аутизмнің нақты бір ғана себебін көрсетпейді. Бұл – генетикалық және әртүрлі факторлардың күрделі ықпалы. Сондықтан ата-аналарға «аутизм бір ғана себептен пайда болады» деген пікірдің қате екенін түсіндіру маңызды. Біз ресми денсаулық сақтау ұйымдары мен халықаралық зерттеу орталықтарының расталған ғылыми деректеріне сүйене отырып ақпарат береміз. Мұндай тәсіл ата-аналардың алаңдаушылығын азайтып, дұрыс шешім қабылдауына көмектеседі, — деп атап өтті маман.

Қорытындылай келе, қазіргі ғылыми зерттеулер жүкті әйелдердің парацетамол ішуінен балаларда аутизм пайда болмайтынын, оның тікелей қатысы жоқ екенін көрсетеді. Дәрігердің нұсқауымен қолданған кезде бұл дәрі ана мен бала үшін қауіпсіз әрі қажетті құрал болып саналады. Ауыруды басу және дене қызуын төмендету кезінде парацетамолдың рөлі маңызды, әсіресе жүкті әйелдің денсаулығы мен баланың дамуы үшін. Сондықтан қауесетке сеніп, дәрі ішуден қорқудың қажеті жоқ. Сарапшылардың пікірі де осы қорытындыға сай: дұрыс мөлшерде және дәрігердің бақылауымен ішкен болса, парацетамол жүкті әйел үшін қауіпті емес. Сонымен қатар, медициналық маманның бақылауымен қолдану күтпеген жағдайлардың алдын алуға көмектеседі және жүкті әйелдің жалпы жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.