— Үкімет жасанды интеллектіні дамытуға бағытталған ғылыми зерттеулерді жүйелі түрде қолдап келеді. Қаржыландыру мақсатты және гранттық бағдарламалар арқылы жүзеге асуда. Қазіргі уақытта жасанды интеллект бағыты бойынша жалпы құны 9,7 млрд теңгені құрайтын 62 жоба іске асырылып жатыр. Негізгі орындаушылар қатарында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Ақпараттық және есептеуіш технологиялар институты, Astana IT University және басқа да университеттер мен ғылыми-зерттеу ұйымдары бар. Маңыздысы — 26 жобаны 40 жасқа дейінгі жас ғалымдар жүзеге асыруда. Бұл жаңа буын зерттеушілерінің белсенділігін көрсетеді. Жобалар ғылымның жеті басым бағытын қамтиды. Соның ішінде жасанды интеллект зерттеулері негізінен озық өндіріс, цифрлық технологиялар және ғарыш саласына шоғырланған, — деді С. Нұрбек Мәжілістегі парламенттік тыңдау кезінде.
Оның айтуынша, қазір жасанды интеллект саласында 11 өңірдің 27 университеті мен 6 ғылыми институты белсенді жұмыс істеп жатыр. Зерттеулерге барлығы 479 ғалым тартылған.
— Жобалар медицина, ауыл шаруашылығы, робототехника, көлік инфрақұрылымы сияқты түрлі салаларды қамтиды, — деді ведомство басшысы.
Айта кетейік, Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов жасанды интеллектіні дамытуға арналған парламенттік тыңдауда білім беру саласындағы ЖИ қызметін заңмен реттеу қажеттігін атап өтті.